Жамбыл облысында 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жыл сайын Жамбыл облысында жаңа өнеркәсіптік өндірістер іске қосылуда, аймақ біртіндеп индустриалды-аграрлық өңірге айналып келеді. Облыста Кәсіпкерлікті қолдау картасының инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы жайында «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне Жамбыл облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова әңгімелеп берді.    




- Қарлығаш Әмірқызы, өңір қазіргі экономикалық жағдайда барлық салада тұрақты өсімге қол жеткізіп отырғаны мәлім. Енді осы жетістіктерге тоқталып өтсеңіз?

- Шынымен де,  өткен 2016 жылдағы көрсеткіштерге тоқталсақ, облыстағы өнеркәсіптік кәсіпорындар 102,4 пайыз индекспен 339 млрд теңгенің өнімін шығарды. Сол кезде ел бойынша бұл көрсеткіш 98,6 пайыз деңгейінде болған еді. Өсімнің жоғары қарқынына тау-кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда (8 пайыздық өсім), өңдеу өнеркәсібінде (2,5 пайыз) қол жеткізілді. Инвестиция көлемі 2016 жылы өңірде 6,2 пайызға артты. Бұл өз кезегінде еліміз бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі. Осы орайда өнеркәсіптік өндіріс өсіміне елеулі үлесті Индустрияландыру картасы кәсіпорындары қосты. Сол кезеңде олар 37,2 млрд теңгеден астам сомаға өнім шығарып, өңірдегі өнеркәсіп көлеміндегі үлесі 11 пайызға, қайта өңдеу өнеркәсібінде 15 пайызға жетті.

Биылдың басынан бері өнеркәсіптік өндіріс көлемі 226,9 млрд теңгені құрады, оның нақты көлемінің индексі  - 100,6 пайыз. Негізгі капиталға инвестиция көлемі 130,7 млрд теңге көрсеткішімен есептелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштерге қарағанда 100,9 пайыз деңгейінде.

- Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бес жылдығы аясында облыста қандай жобаларды іске асыру жоспарға енгізілді?

- Екінші бес жылдықта бізде 568 млрд теңге инвестициямен 36 жоба жүзеге асырылуда. Құрылыс кезеңінде 6,9 мың жаңа жұмыс орнын және 6 мыңнан астам жұмыс орнын өнеркәсіптердің жұмысы мерзімінде құру көзделіп отыр. Осы жобалардың арасында Республикалық картада жалпы сомасы 437,3 млрд теңгеге төртеуі іске асырылуда. Бұл бағытта 2 409 жұмыс орнын құру ескерілген. Ірі жобалардың ішінде шетелдік инвестордың қатысуымен «ЕуроХим Тыңайтқыш» ЖСШ-ның өнеркәсібін атауға болады. Яғни минералды тыңайтқыштардың кең шоғырын өндіру бойынша зауыттың құрылысы қамтылған. 2010 жылдан бастап біздің өңірде ірі халықаралық «ЕуроХим» минералды-химиялық компаниясы инвестициялық жобаларды іске асыру аясында бірқатар кен орындарын игеруде. Бүгінде кен өндіру көлемі жылына 2 млн тоннаға жетті. Айына осында 55 мың тонна фосфорлық ұнтақ шығарады. Жыл соңына дейін кенді ұсақтау мен ұнтақтаудың жылдық өндірістік қуаттылығы 640 мың тоннаға жетеді деп күтілуде.  Болашақта жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңі аяқталғаннан кейін Жаңатаста жылына 1,4 млн тоннадан астам жобалық қуаттылығы бар минералдық тыңайтқыштардың өндірісі іске қосылады. Осы орайда 2 мың жұмыс орны құрылмақ.

Іске қосу операциялары 2020 жылға жоспарланған, сондай-ақ жобаның толық қуатына шығуы 2021 жылға белгіленген. Өңірдегі фосфоритті кен орындарын игеруде компанияның жалпы инвестициялары таяу жылдары 750 млн долларды құрайды. Бүгінде 203 млн доллар сомасында қаржы салынды. Бұдан бөлек, компания ауданда әлеуметтік бағдарламаны кеңінен іске асыруда.

Өздеріңіз білесіздер, «Тараз химия паркі» арнайы экономикалық аумағы құрылды. Мұнда инфрақұрылымдар жүргізу жұмыстары атқарылды. Республикалық картаның келесі жобасы -  «Глифосатты өндіру» және «Үшхлорлы фосфорды өндіру» болып отыр. Инвестициялық жоба құны 63 млрд теңге және 409 жаңа жұмыс орны құрылады.




Сонымен қатар екі жоба «Қазфосфат» ЖШС-ға тиесілі. Серіктестік филиалының біріндегі минералдық тыңайтқыштар зауытында 9,6 млрд теңге сомадағы экстрациондық фосфор қышқылы өндірісінің техникалық жүйесін қайта салу жобасы іске асырылуда. Осы зауытта екінші жоба қамтылған, яғни аммофосты 500 мың тонна дейін өндіру көлемін арттыру өндірісі бар. Жобаның құны 8 млрд теңгені құрайды, сондай-ақ оның жобалық құны жылына 500 мың тоннаға тең.

  - Қарлығаш Әмірқызы, өткен екі жылдағы индустрияландыру жобалары жайында айтып берсеңіз? Бұлар өңірге не берді? Қандай жаңа өнімдер пайда болды?

  - Негізінен, азық-түлік өнеркәсібі мен құрылыс материалдарын өндіру жобалары пайда болды. 2015 жылы 7 млрд теңгеге 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 370 жұмыс орны құрылды. 2016 жылы 19,9 млрд теңгеге 9 инвестициялық жоба қамтылып, 400 жаңа жұмыс орны пайда болды.

Бұл ретте «Әулие Ата-Феникс» құс фабрикасында «халал» стандартымен жоғары сапалы құс етін өндіру жобасын атап өткен жөн. Жамбыл облысында ет саласы белсенді дамып келеді, облыс ішкі нарығын толықтай қамтамасыз етіп, етті экспортқа бағыттап жатыр. Алайда тауық етін өндіру қарқыны тиісті деңгейде болмаған еді. Сондықтан бұл салаға «Әулие Ата-Феникс» бетбұрыс жасап, жаңа өндірісті құрды. Жоба бір жыл бұрын «ҚазАгро» АҚ-ның қатысуымен «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында пайдалануға берілді. Бүгінде құс фабрикасы жылына 4 мың тонна ет шығаруға қауқарлы. Жобаның жалпы құны 2 млрд теңге, оның ішінде 1,2 млрд теңгесі «ҚазАгроҚаржы» арқылы қаржыландырылды. Енді біздің облыс тауық етін жергілікті базарларға, Қазақстан қалаларына, сондай-ақ Ресейге тасымалдауда. Мұнымен қоса, өнімді Өзбекстан мен Қырғызстанға экспорттау бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Осы орайда құс фабрикасы өнім көлемін жылына 20 мың тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр.

Жамбыл ауданында жылына 1 757 тонна өндіретін «Халал» стандарттағы ет өнімдерін шығару жобасы да қызықты болып отыр. Жоба 2016 жылдың мамырында пайдалануға беріліп, оны БАӘ-дегі инвесторлардың қатысуымен «Оңтүстік Халал Тағамдары» ЖШС жүзеге асырды. Оның құны 2,5 млрд теңге.

Бұрындары Жамбыл облысында өндірілген ет қайда сатылды? Қордай ауданы - Алматыға, Жуалы ауданы - ОҚО-ға, Таразға, Мойынқұм ауданы Қарағандыға бағыттады. Қазіргі кезде бізде «Оңтүстік Халал» іске қосылғалы өнімді өзіміз өңдеп, оны отандық әрі шетелдік тұтынушыларға жібере аламыз. Иранмен, Араб Әмірлігімен, Мысырмен сауда келісімшарттары бекітілді. Бүгінде адамдар сапалы тағамға көбірек мән береді және осы комбинат жоғары сапалы етті шығаруға негізделіп отыр.

Сонымен қатар соңғы екі жылда іске қосылған азық-түлік түлік өнеркәсібі жобаларының санатына «Орталық Азия қант  копорациясы» ЖШС-ның Меркі филиалында шырын тазалау цехын қайта жаңғыртуды да қосуға болады. Оның құны 698 млн теңге, жылдық жобалық қуаты 101 мың тонна.

Шу ауданында құны 900 млн теңгеге тең «KazMiya» ЖШС-ның қызылмия тамырын қайта өңдеу бойынша зауыт салынды. Жоба бойынша 60 жұмыс орны құрылды.

Рысқұлов ауданында жануарларға қоспа жем өндіретін зауыт іске қосылды. 435,6 млн теңгеге бағаланған жоба жылына 2,7 мың тонна өнім шығарады.

Мұнымен қоса, облыстың алтын өндіретін өнеркәсібі құрамында алтыны бар кенді өңдеу бойынша Рысқұлов ауданында «GoldenCompassCapital» АҚ-ның фабрикасымен толықты. Жоба құны 3 млрд теңге, жылдық қуаты 306 келі алтын.

Ал Жамбыл облысында құрылыс материалдарының өндірісі бірден бірнеше жаңа кәсіпорынға қол жеткізді. Бұл ретте Талас ауданында М400, М500 маркалы цементті өндіру бойынша зауыт құрылысының жобасын атап өткен жөн (жоба құны- 1,6 млрд теңге, жылдық қуаты 300 мың тонна).

Жамбыл ауданында гипс пен гипсокартон өндірісі іске қосылды. Ал Таразда полиэтилендік пленка өндіру жөніндегі зауыт пайда болды.





- Биылғы жоспар туралы баяндап берсеңіз?

- 2017 жылға 13 млрд теңгеге 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ал құрылатын жұмыс орындары 700-ден астам. Оның ішінде бүгінде сегіз жоба пайдалануға берілді. Қаңтарда Байзақ ауданында «Ролла-Ян» ЖШС-ның кеспе өндіру бойынша автоматтандырылған желісімен жаңғыртылған макарон цехы іске қосылды. Жобаның құны 285 млн теңге, жылдық қуаттылығы 9 мың тонна. Ақпанда Қордай ауданында «Первомайские деликатесы» ЖШС шұжық өндіретін цехты қайта жаңғырту жобасы пайдалануға берілді. 223 млн теңгеге бағаланған бұл жобаның жылдық қуаты 3 мың тонна.

Биыл мамырда Таразда «AlinaHolding» ЖШС-ның гипстік құрылыс материалын өндіру бойынша зауыт іске қосылды. Жылына 140 мың тоннан өнім шығаратын бұл зауыттың құны - 3,9 млрд теңге.

Тағы бір құс фабрикасы Жамбыл ауданында салынып, 914,4 млрд теңге сомасындағы осы жобаны «Аса-Damu» ЖШС шілдеде іске қосты. Жылына онда 63 млн жұмыртқа мен 196 тонна ет өндіріледі.

«Орталық Азия қант копорациясы» ЖШС-ның Меркі филиалында шілдеде 1,01 млрд теңге сомасындағы қант зауытын жаңғырту жобасы аяқталды. Жылына 200 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы бұл жерде 20 жұмыс орны құрылды.

Ал қарашада Таразда «Goodlook сауда үйі» ЖШС  жемазық өндіру бойынша автоматтандырылған кешенді іске қосты.

Сонымен қатар Мойынқұм ауданында «Оргстрой» ЖШС жаңа технологиямен гранитті, мәрмәрді әрі гипсті өндіру мен қайта өңдеу жобасын тапсырылды. Жобаның құны 1,7 млрд теңге, жобалық қуаты 10 мың текше метр гранитті, 500 мың шаршы метр граниттік өнімді құрайды.

Жылдың аяғына дейін тағы екі инвестициялық жоба жоспарланған, яғни Сарысу ауданында ас тұзы зауыты мен Таразда кондитерлік фабриканың бірінші кезеңінің құрылысын аяқтау көзделген.

Егер де алдағы жоспарға тоқталсақ, индустрияландыру аясында 2018 жылға 9 инвестициялық жоба жоспарланып, оның құны 451,8 млрд теңгеге бағаланған және 3 379 жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Жалпы, осы жобаларды жүзеге асыру шаралары Жамбыл облысы әкімдігінің тұрақты бақылауында тұрғанын атап өткен жөн.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар