Жамбыл Артықбаев: Наурыз – салт-дәстүрді түгендеу емес - тірілту

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Наурыз, ежелден Ұлыстың ұлы күні - табиғат пен адам рухының жаңаруы ретінде тойланатын ұлық мейрам. Көктемнің осынау ерекше сәтін қазақ Жыл басы деп те әспеттейді. Молшылықтың, қуаныш пен шаттықтың, ең бастысы табиғаттың тіріліп, тіршіліктің жаңару көрінісі деп түсінеді. Ұлыстың  ұлы күні қарсаңында елімізге танымал тарихшы-этнограф Жамбыл Артықбаевтан мейрамның мән-маңызы туралы әңгімелескен едік.   

- Жамбыл Омарұлы, Президент Н.Назарбаев «Түбінде біздің нағыз жаңа жылымыз осы Наурыз мейрамы болуы қажет» деп пікір білдірген еді. Осы Наурыз мейрамының тарихы қандай? Қай кезден бері тойланып келеді?

- Наурыз - өте ерте замандарда пайда болған мейрамдардың бірі. Тарихта неолит деген дәуір бар, оны жаңа тас дәуірі деп те атаймыз, біздің эрамызға дейінгі 7-6 мыңжылдықтарды қамтиды. Наурыз мейрамы сол дәуірде пайда болды деп ойлаймын. Неге десеңіз, неолит дәуірінде адамзат өмірінде үлкен өзгерістер болды: малды қолға үйретті, егіншілік дами бастады. Бұл - адамзат өмірін керемет байытқан, адамның өсуіне, маңайындағы жаратылысты тануына мүмкіндік берген революциялық жаңалықтар еді. Әрине, бұл жаңалықтар да оңайлықпен келген жоқ, мұны миллион жылдық палеолит дәуіріндегі дамудың нәтижесі деп түсінген абзал.

Екіншіден, библиялық, інжіл аңыздарында Наурызды Нұқ пайғамбармен байланыстарды. Нұқ пайғамдардың заманы - көне заман, оны тарихшылар «топан су заманы» деп айтады. Соңғы топан су біздің эрамызға дейінгі 12-11 мыңжылдықтарда болған деп айтылады. Жаңағы айтқан неолит дәуіріне бұл да сәйкес келіп тұр.

Үшіншіден, «Наурыз» сөзінің өзі -  алтай халықтарының тіліне, осындай үлкен тіл тобының бәріне қатысты сөз. Яғни, бұл сөз тілдік жүйелер бөлінбей, ажырамай тұрған кезде пайда болды. Бізде бұл сөз «Науа + ырыс» мағынасында сақталған. Ал ирандықтар мен еуропалықтар бұл көне сөзді «жаңа», «нау», «нью» мағынасында түсіндіріп отыр. Қарап отырсаңыз, мұның да түбі неолит дәуіріне барады, ол кезде тілдердің арасы ажырамаған еді.

Ал қазаққа келсек, Наурыз мейрамын бізде «Ұлыстың ұлы күні» деп атайды. Түрік-моңғол тілдес елдер «ұлыс» деп мемлекетті айтады. Бұл ғажап ұғым, бұл кішкене ғана сөз тіркесі - Наурызды мемлекеттің ең басты мейрамы дегенді білдіреді. Қазақ халқының осындай керемет сөздерді сақтап қалғанына таң қаламын. «Ұлыстың ұлы күні» деген сөз қазақтың бұрын мемлекеті болмаған, ел болмаған деген секілді тағы да басқаша  айтып жүргендердің бәрінің аузына құм құятын тарихи дерек емес пе?!

Енді Елбасының «Жаңа жыл» дегеніне келсек, мынандай деректерді айтатын едім. Қазақтың байырғы дәстүрлері, соның ішінде Мәшһүр Жүсіп шежіресінде қызықты деректер бар. «Наурыздың келген сәтін жандыда балық біледі» дейді шежіреші: «Наурызнама той қылатын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші жағына қарай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» деп. Сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы! »- дейді.

- Дегенмен, қазір «Наурызды» парсы тіліне теліп жүргеніміз дұрыс емес пе, сонда?

- Иә. Өйткені парсылардың өзі біздің жерімізден қоныс аударған ариандар. Арий тайпасынан шығып, парсы қыраттарын жаулап алған. Содан ариан, иран аталып кетті. Бірақ негізінен олардың этногенезі бізге бөтен емес.

- Өткен ғасырда Наурызды діни мереке деп тойлауға тыйым салған еді. Наурыз бен дін арасында байланыс болды ма?

- Діни мейрам дегені - желеу ғана. Бұл Кеңес үкіметінің ұлттық салт-дәстүрлермен күресінің жемісі. Этнографиялық зерттеулер жүргізіп, шежіре жинап жүргенімде қазақтың қариялары айтатын «үкімет 1926 жылы орнады, сол жылы ұлттық дәстүрлерге тыйымдар салынды» деп. Соның бірі - Наурызды тыю. Қазақтың және өзге де түркі халықтарының жаңа жылын орыс жаңа жылына бейімдеу керек болды. Осылайша, 1926 жылға дейін қазақ халқы жаңа жылды Наурызда тойлап келіп, 1926 жылдан кейін күрт тыйылды. Наурызды тоқтату арқылы үлкенді сыйлау (мысалға бата алудың өзін айтуға болады), дастархан мәзіріне мейлінше мән беру, киелілік сынды қазақтың өзге де құнды ұғымдарына үлкен соққы берілді деп есептеймін.

- Сонда шын мәнінде Наурыздың қандай да бір дінге еш қатысы жоқ қой?

- Наурыздың еш дінге, тіпті өте ежелгі діндерге де қатысы жоқ. Наурыз жаратылыстану түсініктерінен туындаған. Расында да, Наурыз - күн мен түннің теңелетін уақыты. Сол заманның есепшілері анықтаған табиғаттың ғажап бір заңдылығы, гармониясы. Сондықтан да, Наурыз туралы айтқанда діннен гөрі, көне замандағы ғылым-білім туралы, даналық туралы айтқанымыз жөн. Яғни, оны белгілі бір дінмен байланысты деп айтуға болмайды. Тіпті әлемдегі ең көне дін саналатын Зороастризмнің өзі біздің дәуірімізге дейінгі 2 мыңжылдықта пайда болды. Ал Наурыздың тарихы кем дегенде б.з.д. 6-7 мыңжылдықтарға барады.

- Ал қазіргі Наурыздың тойлануына көңіліңіз тола ма? Наурызды қалай тойлау керек? «Наурыз тойын Қазығұрттан бастау керек» деген пікіріңізді естіген едік?

- Наурыз тойын Қазығұрттан бастау керек деген пікірді жалғыз мен емес, басқа да этнографтар, тарихшы азаматтар айтып жүр. Өйткені, б.з.д. 12-11 мыңжылдықта Нұқ пайғамбардың кемесі Қазығұртта тоқтады деген аңыз бар. Әрине, аңыздың аты - аңыз. Алайда, бұл аңыз қазақ үшін несімен құнды?  Ол аңызды әлемдік деңгейде қалай тірілтіп, оны ұлттық жаңғыруға қалай пайдалану керек?  Бүкіл әлемде жалпы саны 3 мыңдай этнос болса, соның тек төртеуі ғана «Нұқ пайғамдардың кемесі тоқтаған жер» деп өз жеріндегі тауды көрсете алады. Біз сол төртеудің ішінде бармыз. Еврейлер Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтады деп  - Сион тауын көрсетеді, армяндар - Арарат тауын, арабтар - Жүді (Жидда) тауын атайды. Төртінші халық - қазақтар, біз - Қазығұртты көрсетеміз.

Осының өзі бір ғажап феноменологиялық дүние, қазақты әлемге танытуға қажетті символдың бірі деп есептеймін. Өйткені, бүкіл адамзат баласы Нұқ пайғамбардың әңгімесін біледі, бәрі де Нұқ пайғамбардан тарадық деп есептейді. Ал енді Нұқ пайғамбардың кемесі қазақ жерінде, Қазығұртта болғанын көпшілігі біле бермейді. Яғни, Наурыз тойын Қазығұрттан бастасақ, қазақты әлемге танытудың әдемі жолы болар еді. Рас, қазір маңғыстаулықтар Көрісу күнін Отпан тауынан бастап тойлап жүр. Міне, сол Көрісуден кейін 22 наурызда Қазығұртта аламан жасап, барша қазақ бас қоссақ, үлкен ас берсек, нұр үстіне нұр болар еді.

Наурыздың қазіргі тойлануына көңілім толмайды. Наурызға деген жалпыхалықтық ынта-ықылас әлі де жоқ. Наурызға дайындықты ертерек бастау керек. Кемінде бір ай бұрын басталуы керек.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазып кеткен деректер бар: ерте уақытта бәйбішелер жаздыгүні қарын-қарын май жинап, жент, құрт жинап «Наурызда ашамын» деп ырым қылады екен. Наурызға дейін женті тас қайрақтай болып қатып жатады. Қыстыгүні балалар мен немерелер «Апа, жент берші» деп сұраса, «Айналайын, Наурызға дейін шыдай тұр. Наурызда «Самарқанның көк тасы жібігенде» біздің жентіміз де жібиді. Сол кезде жерміз, қарынға қолды салармыз» деп ынтықтырып отырады екен. Бұл ынтықтырудың, Наурызды күттірудің астарында оған деген құрмет жатыр.

Кез келген тойды халық қабылдамаса, сол ұлы күнге өз санасын дайындамаса, ол мейрам емес. Қазіргі Наурыз - әкімшілік тарапынан жасалған іс-шара сияқты. Әйтеуір уақыты жеткенде, апыл-ғұпыл бірдеңе жасаған боламыз. Ал қазіргі уақытта Наурыз қазақтың дәстүр-салтын есіне түсіретін этнографиялық тойына айналып кеткені де рас. Әркім өзінің есінде қалғанын, білгенін істеп жүр. Біреулер келін түсіру ырымын жасайды, біреулер баланың тұсаукесерін өткізеді тағы сол сияқтылар. Осылайша, Наурыз жаңа жылдың басы, бірнеше мың жылдық тарихы бар қасиетті мейрам есебінде тойланбай келеді. Менің ойымша, Наурыз біздің ұлттық жаңғыруымыздың, ұлт құндылықтарына көзқарасымыздың, ұлтжандылығымыздың көрсеткіші болуы керек.

- Солтүстіктегі кей өңірлер ауа райының суықтығынан, Наурыз мерекесін сәуір, мамыр айларына қалдырып жүр. Бұл шешім қаншалықты көңілге қонымды?

- Наурызды кейінге қалдырумен өз басым келіспеймін. Біздің кейбіріміздің санамыз сондай жартыкештеніп кеткен. Ұлттық мереке десе - киіз үй құрамыз. Жалғыз киіз үйде тұрған ештеңе жоқ. Қазақ ерте кезде оңтүстікті қыстаған, жаз бойы Арқаны жайлап, Сібір мен Еділге дейін барған. Екі мың шақырымға дейін көшіп, ойын-сауық құрған, мал семірткен. Күзге қарай Сырдың бойындағы қыстауларына келген. Қарап отырсаңыз, Сырдың бойындағы қалалардың бәрі - қыстаулар. Түркістанның маңайындағы Иқан, Қарнақ деген ауылдар бар, халқы әлі күнге дейін ауылды «қышлақ» дейді. Сол қыстақтардың маңайына келеді, малды қалың сексеуілге, құмға жібереді. Онда сыймағаны Бұқар, Қызылқұмға дейін барып қыстайды. Сонда Наурызды тойлап, Арқаға көшкен.

Әрине, қазір солтүстік өңір халқына Наурызды тойлау қиын шығар. Бірақ, қайткен күнде де Наурызды далаға шығару, киіз үй тігу міндет емес қой. Зәулім сарайдай ғимараттарды неге пайдаланбасқа?

«Наурызда ат спорты тасада қалды» деп налитындар бар, малдың бәрі көтерем болып, аузы аққа енді тиіп жатқанда қайдағы аламан бәйге?

Жаңа жылды да (31 желтоқсан) қыс ортасында күн суық деп кейінге қалдырмай-ақ өткізіп жүрміз. Сонда Наурызды тойлай алмаймыз ба? Табиғаттың кесімді уақытын, мыңдаған, он мыңдаған жылдар бойы тойланған күнтізбелік келіскен мейрамды облыс деңгейіндегі әкімдердің шешімімен бұзу - тіпті ақылға қонбайтын іс.

-Наурызда жасалуы тиіс, бірақ ұмыт қалып отырған салт-жоралғылар, ойын түрлері бар ма?

- Наурызға қатысты мейрамдардың, дәстүрлердің көпшілігі әлі орындалмай келеді. Бұл - этнографтардың және көп нәрсені құлаққа ілмейтін қоғамның кінәсі. Наурыздан бір апта бұрын басталатын Көрісу бар. Көрісудің өзі шап беріп қол алысып, құшақтасу ғана емес. Ертедегі жұрт бір-бірімен «Қыстан аман шықтың ба, мал-жан аман ба, шаруашылығың жақсы ма» деген сарында өлеңдетіп көріскен.

Қазір телевизиялық айтыстың түр-түрі ұйымдастырылып жатыр. Ерте уақытта ақындар төрт түлікпен де айтысқан. Жылға таласу айтыстары да бар. «Қыс пен жаздың айтысы», «өлі мен тірінің айтысы», «қыз бен жігіттің айтысы» - Наурыздың түбегейлі философиясы, дүниетанымы осы. Осыларды қолдану керек және қайта жандандыру керек.

Мәшһүр Жүсіп айтады: «Жыл оны екі ай дегеніміз - үлкен бір шығыр секілді. Соның 12 сатысы бар, әрбіріне бір жануар ие болады. Шығыр айналғанда, яғни жыл ауысқанда бір жануар орнынан түсіп, екіншісі келеді». Дәл осы 12 мүшелдің бейнесінен костюм жасап, кеб (маска) кию 31 желтоқсанға емес, Наурызға анағұрлым жарасады.

Тағы бір айта кетерлігі, Наурыз тойларда баланы бесікке бөлеу, тұсауын кесу үрдістері белең алып келеді. Бұл - отбасылық дәстүр, әр отбасының жағдайына қарай айналысатын дүниесі. Сәті келсе, Наурызда жасайды, сәті келмесе жасамайды. Дүйім жұрттың алдында отбасылық салт-жоралғыларды көрсету дұрыс емес.

Ерте уақытта Наурызда жағдайы жететін байлар үлкен өгіз бен жылқы сойған. Бәйбішелер қарын-қарын женттерін, сары майын, қазақтың қадірлі тамағының бәрін қоюға тырысқан. Ірі қара союға шамасы жетпегендер де қазан көтеріп «Менің де дастарханымнан жұрт дәм татсын» деп жеті түрлі дәннен көже пісірген. 

- Наурыз мейрамында баспасөз құралдары әлі күнге дейін Наурыз көжені дайындау жолдарын үйретіп келеді, телеарналар алтын қордағы фильмдерді көрсетеді. Бұқаралық ақпарат құралдары Наурыз мерекесін қалай насихаттауы керек?

- БАҚ халықты мерекеге алдын ала дайындауы керек. Бір ай, екі ай бұрын «мына ауыл мынадай дайындық жасалып жатыр, мына өңір мынандайымен ерекшеленеді» деп репортаж жүргізіп, журналистер 21-22 күндері халықтың ортасына жүруі керек. Рухани жаңғыру аясында да Наурызбен байланыстырып, түрлі шара ұйымдастыруға болар еді. Өңірдің өлкетанушылары ел мен жердің тарихын айтса, жаңа фильмдердің, кітаптардың тұсаукесерін Наурызға ыңғайлап атқарса да құт болатын еді.

Жалпы, Наурыз - өлі мен тірінің күресі іспеттес. Қыс - қашанда өлінің символы болса, көктем - өмірді, тіршіліктің жаңаруын суреттейді. Наурызда жомарттық көрсету, нашарға көмек қолын созу бойынша тамаша акциялар өткізуге болады. Түрлі себептермен абақтыға түсіп, өз ісіне өкінгендерге де Наурызда рақымшылық жасалса игі еді. Міне, БАҚ өкілдері осындай ізгілікті ұсыныстарды билікке жеткізуі тиіс.

- Наурыздан бір апта бұрын аталып өтетін «көрісу», «амал» мерекесі қайдан пайда болды? Оның Қазақстанның батыс өңірінде ғана сақталып қалуының сыры неде?

- Батыста таза қазақи дәстүрлер көбірек сақталды. Себебі, онда қазақтар басым болды. Оңтүстікте де қазақ көп, бірақ оңтүстіктің дәстүрлері көбінесе өзбек, сарттармен араласыңқырап, ислам дінінің ерекшеліктерін де бойына сіңірді. Тіпті келіндердің сәлем беруінің таза қазақи нұсқасы - оң қолды тізенің үстіне қойып, сәлем беру - Маңғыстауда әлі бар. Бұл сақ заманынан бері келе жатқан дәстүр. Дәл осы сәлем беру дәстүрлері Қытайдағы Қызай наймандарында сақталған. Бір жағы Адай болса, енді бір жағы Қызай, дәстүрлері бір-біріне қатты ұқсас. Оңтүстіктегі келін сәлемі, екі қолын кеудесіне қойып сәлем беру - мұсылмандықпен келген тәжім деп аталады.

- Наурызды тойлайтын әртүрлі халықтардың басты ерекшеліктерін айта аласыз ба?

- Мен енді нақты баяндап бере алмаймын. Студенттік жылдары Ташкенттегі Наурызды көргенмін. 21 наурыз күні таңертең у-шудан оянып кеттік. Асханада толған кезек, қыздар ас әзірлеп жүр. Вестибюльде студенттік оркестр халық аспаптарымен ән шырқап тұр.  Халықтың бәрі көшеге шығып кеткен. Барлық жерде дастархан жайылған, бірін-бірі шақырып, мәз-мейрам болған жүздері есімде қалыпты. Өзім көрген өзбектердің басты ерекшелігі - Наурызды жалпыхалықтық мейрам ретінде тойлауы дер едім. Жасы да, кәрісі де Наурызға дайындалып, ұлттық киімдерін киіп, көшеге шығып кетеді. Ал біз Наурыз күні ұлттық киімді пакетке салып әкелеміз, екі сағат киіп, қайтадан пакетке салғанша асығамыз.  

- Кейбір өңірлерде, көрші мемлекеттерде Наурызды 21-і күні тойлайды екен, Қазақстанда -  22 наурызда.  Осы даталардың қайсысы дұрыс?

- Наурыз мейрамы айдың 21-інен 22-сіне қараған түні тойланған. Ерте уақытта әр елдің есепшілері күн мен түннің теңелгенін есептеп отырған ғой. Мен жақсы көретін сүйікті авторлар - Фон Герн, Нельсон Фелл қазақ даласында көп болған екен. Сол ғалымдар «Еуропалықтар сағатына қалай қараса, қазақтар да аспанға солай қарайды» деп естелік жазып кетіпті. Бұл біздің дала есепшілерінің, ұлы дала ғұламаларының даналығын білдірсе керек-ті. Нельсон Фелл: «Қазақтардың Наурызды қарсы алуы өте қызық. Олар алдын ала дайындалады. Ақсақалдар қырдың басына шығып, күн мен түн теңелгенін күтеді. Жаңа ай туды деген уақытта тойлауды бастап кетеді» деп жазыпты. Сондықтан, тура наурыздың 21-і немесе 22-сі деген қатып қалған уақыты жоқ. Барлығы астрономиялық күн қозғалысына байланысты.

- Қазақстан үшін Наурыздың сакралдық маңызы неде? Бұл жай ғана салт-дәстүрді түгендеу емес қой?

- Наурыз - салт дәстүрді түгендеу емес, салт-дәстүрді тірілту. Бұл - рухани жаңғырудың үлкен бір белесі. Наурызды жай ғана атап өту, немесе жай ғана өткізбеу керек. Жұртшылық Наурызға қатысты кезекті демалыс күндері ретінде қараудан арылуы тиіс. Онда оның мәнін жоғалта береміз. Наурызды тіршілікке ғашықтықтығымыздың үлкен белгісі есебінде, тіршілігіміздің негізгі өзегі есебінде, ризалық пен ризықтық есебінде ішпен, дүниетанымымызбен қабылдау керек. Біздің қазіргі жағдайымыз секілді көбінесе шартты түрде киіз үй тігіп, наурыз көже тарату міндет емес.

- Әсерлі әңгімеңіз үшін көп рахмет! Наурыз құтты болсын!

 

Соңғы жаңалықтар