Жамалиев түрмеде ВИП камерада отырған жоқ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қайрат Жамалиев түрмеде ВИП камерада отырған жоқ, «барак» үлгісіндегі отрядта жазасын өтеуде. Бұл жайында ҚазАқпаратқа ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев мәлім етті.

«Алматы облысының прокуратурасы «Время» газетінде көрсетілген деректерді тексеру мақсатында осы жылдың 31 тамызы күні түнгі сағат 00-25-те мекеме аумағында артықшылық жағдай жасалған камералардың бар-жоғын анықтау үшін видеотаспаға түсіре отырып, тосыннан тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде газет мақаласында көрсетілген ВИП-камералар туралы мәлімет расталмады. Мұнан ары сотталған Қ.Жамалиевтің отряд жатақханасында тұратындығы тексерілді. Сотталушы жазасын «барак» үлгісіндегі отрядта өтеуде, онда сотталушылар ортақ жатын секцияда ұсталады», - деді ол.

Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті Н.Алтынхановтың Алматы облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Б.Жүнісов пен ЛА-155/14 мекемесінің бастығы Б.Шәріпбековке қатысты шағымына байланысты тексеру жүргізуде. Ол аяқталуға жақын.

«Мұнан бөлек, лауазымды тұлғалар тарапынан жіберген заңбұзушылықтар тәртіптік комиссияда қаралады. Кінәлілерге тәртіптік жазаның ең қатаң шаралары қабылданатын болады. Тіпті, олар қызметтен де босатылуы мүмкін», - деді Алмас Садубаев.

Соңғы жаңалықтар