Жалғыз баспананы кепілге қоюдың қажеті жоқ - маман пікірі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінде жеке тұлғалардың төлем қабілеттігін қалпына келтіру туралы заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің кезекті отырысында депутат Аманжан Жамалов жалғыз баспана мәселесіне жеке тоқталды.

Айта кетейік, заңнама нормасында борышкердің жалғыз баспанасын өткізуге тыйым салу тетіктері ескерілген.

«Жалғыз баспана тақырыбы біраз талқыланды. Бұл әлеуметтік бастама бойынша экономикалық негіздемені көрсету керек. Яғни қаржы секторына, екінші деңгейлі банктер үшін болатын салдарды айқындау қажет. Атап айтқанда, борышкерлердің қарызын кредиторлар есебінен шығынға шығару ұсынылса, онда осы бағытта болатын салдардың анықтығы керек», - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, жалғыз баспана бойынша шешім аясында екінші деңгейлі банктер ипотекалық займдарды беруді тоқтатуы ықтимал. Соның ішінде баспананы кепілге қою тетігі арқылы шағын және орта бизнес субъектілеріне займдар беруді доғаруы мүмкін. Бұл өз кезегінде ШОБ-ты несиелеудің тоқтауына алып келеді деген болжам бар.

«Сәкесінше, яғни екінші деңгейлі банктердің және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ипотекалық бағдарламаларына нұқсан келуі мүмкін. Сонымен қатар несиелердің қайтарылмауы тәуекелдеріне байланысты жарияланған «7-20-25» бағдарламасын тежеуі ықтимал. Қазіргі кезде ипотека нарығы тұрақты өсімді байқатып отыр. Осы арқылы, өздерінің баспана жағдайын жақсарту үшін бағдарламаға әлеуетті қатысушылар болып саналатын азаматтардың басым бөлігіне жол жабылады», - деп ойымен бөлісті депутат.

Жамаловтың айтуынша, 2018 жылдың басындағы жағдай бойынша ипотекалық займдардың портфелі 1,1 трлн теңгені құрады.

«ҚР Үкіметі мен бизнес ұсынып отырған ынталандырудың арқасында бұл көрсеткіш арта түсуі мүмкіндігі болжанады. Жаңа құрылыстардың айналасында жаңа жұмыс орындары құрылады. Алайда жалғыз баспана бойынша заң жобасының нормасы тежеуіш әсерді көрсетеді», - деп қосты ол.

Бұл ретте Қазақстанның құрылыс секторы дағдарысқа тап болуы мүмкін екеніне тоқталған ол, «Салынған нысандарды сату мүмкіндігінің болмауы жаңа құрылыстарды тоқтатуы ықтимал. Құрылыс компаниялары жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүр болады», - деді.

Өз кезегінде ҚР Қаржы министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Борис Парсегов жалғыз баспана проблемасы қайта-қайта көтерілетінін сөз етті.

«Бізде Конституцияда тұрғын үйге деген құқық жазылған. Жалғыз баспананы кепілге алып, несиелеудің қажеті жоқ. Әсіресе, қарыз алушының отбасында кәмелетке толмаған балалары болса, оларды жалғыз пәтерінен шығаруға болмайтынын банк түсінуі керек», - деді Б. Парсегов.

Соңғы жаңалықтар