Жалға берілетін жер аумағының ең жоғары мөлшері белгіленеді

None
None
Астана. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы министрлігі жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің ең жоғарғы мөлшерін қалай есептеп шығаратындарын айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жерді жалға берудің ең жоғарғы мөлшерін белгілеу ҚР Жер кодексіне өзгерістер енгізу бойынша жаңа заң жобасында қарастырылған.

АШМ өкілдерінің айтуынша, сандар ғылыми негізделген болуы тиіс, сол себепті жоғарғы мөлшерді анықтау әдістемесін әзірлеуге тендер жарияланған. Есептер мен формулалар өңірдің ерекшелігі мен халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты жүзеге асырылмақ.

«Бұл мөлшерлерді анықтау бойынша ұсыныстар жергілікті атқару және өкілдік органдарынан түседі. Олар өз ұсыныстарын Үкіметке жібереді, Үкімет сол ұсыныстар негізінде пайдаланылатын жердің түрлері бойынша ең жоғарғы мөлшерді бекітеді. Барлық әкімшілік аудандар бойынша: барлық 14 облыс, 161 ауданның әрқайсысында жеке жоғары мөлшер болады»,- деп хабарлады ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің Жер қатынастары мен жерге орналастыруды дамыту басқармасының басшысы Жанар Қаржанова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында.

Атап өткен жөн, заң жобасында қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін конкурстық негізде жалға беру көзделген. Сондай-ақ, Мемлекеттік шекара белдеуінде және шекара аймағында орналасқан жерлерді тек жергілікті тұрғындарға ғана жалға беру, шетелдіктерге, қазақстандық компанияларға жалға беруге тыйым салу жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар