Жалақысы төмен жұмыскерлер еліміздің қай салаларында еңбек етеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жалақысы төмен жұмыскерлер бюджет саласында еңбек етеді. Бұл туралы Астанада Президенттің бес әлеуметтік бастамасы талқыланған дөңгелек үстелде Экономикалық зерттеулер институтының макроэкономикалық талдау және болжам орталығының директоры Сара Алпысбаева мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Халықаралық еңбек ұйымының методологиясына сәйкес, егер жұмысшы медиандық айлық еңбекақының үштен бірін алатын болса, онда ол төмен жалақы алатын жұмысшылардың қатарына жатады. Басқаша сөзбен, оларды «кедей жұмыскерлер» деп те атайды. Бұл - Халықаралық еңбек ұйымында қолданылатын ғылыми термин. Біз есеп жүргіздік. Ол бойынша мұндай жұмыскерлердің үлесі негізінен Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында байқалады. Ал жоғарғы айлық алатын жұмыскерлер әлбетте елордада, мұнайлы және өнеркәсіпті аймақтарда тұрады», - дейді Сара Алпысбаева.

Оның айтуынша, экономикалық тұрғыда ең төменді жалақы алатын жұмыскерлер бюджеттік - білім, денсаулық сақтау, сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен бөлшек сауда саласында шоғырланған.

Сара Алпысбаева өз сөзінде жеке табыс салығының прогрессивті шкаласына ауысу даярлықты талап ететін жұмыс болып табылатынын айтады. Бұл жалпы жалпы табыстарды декларациялау мәселесіне байланысты болып отыр. Прогрессивті шкалаға ауысу аса қажет және ол бес әлеуметтік бастаманы жариялаған Президенттің көрсеткеніндей біршама саяси жігерді талап етеді.

Еске сала кетсек, осы жылдың 5 наурызында ҚР Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бес әлеуметтік жобаны жария еткен болатын.

Соңғы жаңалықтар