Жақып Асанов судьяларға шығарған үкімдерін түсіндіруді міндеттемек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Судьяларға жүктемені заманауи ақпараттық технологияларды пайдалана отырып төмендету қажет. Бұл туралы бүгін еліміздің жоғары сот органының кезекті отырысында Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Менің ойымша, үкім жарияланғаннан кейін оны түсіндіру маңызды мәселе, өзекті институт. Бүгінгі күнгі жағдай қалай? Судья үкімді жариялайды, содан кейін дереу залдан кетіп қалады, асығып кетеді. Ал сотқа қатысушыларға ештеңені түсіндірмейді. Олар да ештеңені түсінбейді, сұрақтары көп. Неге біреуге айыппұл салынды? Неге біреуді түрмеге отырғызды? Неге біреуге көп, енді біреуге аз жаза тағайындады? Сондай әңгімелер әсіресе ақпарат құралдарында жиі көтеріледі»,- деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, судья шығарған үкімін өзі ғана түсіндіруге құқылы. Басқа ешкімнің де үкімнің дұрыс не бұрыс екендігін айтуға құқы жоқ.

«Сол соттың төрағасы, облыстық соттың төрғасы, тіпті Жоғарғы соттың төрағасы да ауданда қабылданған судьяның үкімі дұрыс не бұрыс, заңды не заңсыз деп айтуға құқы жоқ. Сондықтан бұл институт өте маңызды», - деді Жоғарғы сот төрағасы.

Дегенмен, оның айтуынша, бүгінгі күні судьялардың жүктеме мөлшері өте көп болып отыр.

«Жүктеме де судьяларға күннен-күнге өсіп жатыр. Соңғы 5 жылда 2 есеге артты. Мысалы 2013 жылы әр судья айына 70 шақты материал қараса, бүгінгі күні олардың саны 130-дан асты. Ал облыс орталықтарында, Алматы мен Астанада одан да көп, 200-300-ге дейін барады. Сонда әрбір судья күніне 10-ға дейін іс пен материалды қарайды. Әрине, қазір біз өз тарпымыздан тиісті шараны қабылдап жатырмыз. Бірақ, әр судья қазір өзін-өзі жетілдіруі керек. Ең алдымен сол үлкен жүктемені ІТ-құралдарын пайдаланып, жүктемені азайтудың жолын іздеуміз қажет», - деді Жақып Асанов.

Соңғы жаңалықтар