Жақында әкімдіктер ЭКСПО-ның қай технологиясын енгізетінін жариялайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы компаниялар «ЭКСПО-2017»  көрмесінен іріктелген теxнологияларды қолданысқа енгізу бойынша бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры Айнұр Соспанова  мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Энергетика министрлігі төрт бағыт бойынша халықаралық павильондарға мониторинг жүргізді. Қазіргі кезде әкімдіктермен және компаниялармен тиісті жұмыстарды жалғастырудамыз. 170-ке тарта компания бүгінде іріктелген технологияларға бағалау жүргізуде. Осы орайда қандай нақты технологияны қай мерзімде әрі қаржыландырудың қанша сомасында енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл жұмысқа әкімдіктер де белсенді жұмылдырылған»,-деді А. Соспанова Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, әкімдіктер үшін «ақылды қала» қағидасына негізделген технологиялар қызығушылық тудырып отыр. Осы ретте қаланың инфрақұрылымын, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын, энергия үнемдеуді жақсартуға мүмкіндік беретін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар ескерілген.

«Атап айтқанда, бұл технологиялар бағалау рәсімдерінен өтіп жатыр. Қазан айының соңына дейін әкімдіктер мен компаниялардан технологиялардың нақты тізімін, сондай-ақ олар даярлап жатқан жол картасын күтіп отырмыз. Осының нәтижесінде, нақты бір әкімдік пен компания қай технологиямен жұмыс істейтініне жауап аламыз»,-деді департамент басшысы.

Соңғы жаңалықтар