Жақын арада мұнай бағасы құлдырай ма

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта мұнай бағасы арзандауын жалғастыруы мүмкін. Бұл туралы Fitch Ratings табиғи ресурстар және шикізат тауарлары бойынша сараптамалық топтың директоры Дмитрий Маринченко мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұнай бағасы соңғы кездері үздіксіз өсіп келеді. Brent маркалы мұнайдың баррелі 75 долларға жетті. Қазір бұл көрсеткіш 73.45 доллар көлемінде. Жыл басында мұндай баға арман сияқты болып көрінген.

Соған қарамастан Дмитрий Маринченко мұнай бағасының төмендеу ықтималдылығы, оның бағасының өсу ықтималдылығынан асып кететіндігін айтады.

«Қазіргі жасалып жатқан сауда келісімдеріндегі мұнайдың орташа бағасы - 60 доллардың айналасында. Тұрақты факторларға сүйенсек, негізгі баға 55-60 доллар көлемінде. Геосаяси мәселелердің әсерінен баға сәл көтерілуі мүмкін, бірақ ол көп емес»,-дейді ол.

Баға өсіміне әсер ететін факторлар туралы айта келе, сарапшы 2016 жылдың қазан айында мұнай өндіруші елдер өзара өндіріс деңгейін төмендету туралы ОПЕК+ шартына қол қойғанын жеткізді.

«Сауд Арабиясы мұнай өндіруді келісімде көрсетілген межеден де төмендетіп тастады. Венесуэладағы мұнай өндірісі ішкі қақтығыстар нәтижесінде азайып отыр. Қазақстан келсімге сәйкес толық жұмыс істеп отыр»,-деді сарапшы.

Бағаның құбылуына әсер ететін тағы бір фактор - геосаясат.

«Соңғы жарты жыл геосаясат тұрғысынан алғанда тартысқа толы болып тұр. Сауд Арабиясындағы мұрагерлік, Сирия айналасындағы соғыс пен Таяу Шығыстағы қақтығыстар, сонымен қатар АҚШ пен Ресей текетіресі және санкциялар бағаға қатты әсер етеді»,-деді Дмитрий Маринченко.

Fitch Ratings есебіне сәйкес мұнай бағасын төмендетуі мүмкін тағы бір фактор бар, ол АҚШ өндіретін тақтатас мұнайы.

«Қазір ол өндіріс қарқынды дамып келеді. Аталмыш мұнай өндірісінің көлемі биыл тәулігіне 2 млн баррельге жетуі мүмкін. Соның салдарынан біз дефицит жағдайынан профицит жағдайына кетуіміз мүмкін. Бұл - мұнай бағасы биыл төмендей бастайды деген сөз»,-дейді сарапшы.

АҚШ өндірушілер қандай бағаға болсын төселуге дайын. Олар 50-60 доллар тіпті одан да төмен баға қалыптасса да қиналмайды.

«АҚШ нарығында баға реттелмейді. Бұл бәсекелестер үшін өте пайдалы»,-дейді ол.

Сарапшылар сонымен қатар мұнай бағасына әсер ететін факторлардың бұдан да көп болуы мүмкін екендігін айтады. Бұл жерде тек болуы мүмкін төрт фактордың екеуі ғана айтылып отыр.

Соңғы жаңалықтар