Жақсылық Досқалиев тегін медициналық көмектің жаңа үлгісін түсіндіріп берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі Жолдауында мемлекеттің міндеттерін нақты белгілей отырып, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Академик Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін медициналық көмектің көлемін өзгертуге тура келеді.

«Қазіргі кезде тегін медициналық көмек бар. Оған мемлекеттің өзі кепілдік беріп отыр. Оның құрамына барлық медициналық қызметтер кіреді. Былайша айтқанда, бүгінде ол қызметтің бәрі бюджет есебінен атқарылады. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізгенде кепілдендірілген медициналық көмек шегеріледі. Өйткені кейбір медициналық қызметтер бюджеттен емес, арнайы медициналық қордан төленеді», - деді Ж.Досқалиев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Ғалымның айтуынша, тегін медициналық көмек шегерілсе де, оның негізгі бағыттары қала береді. «Біріншіден, адам өміріне қауіп төнгенде тегін медициналық көмек көрсетіледі. Ондайда сақтандыру куәлігің бар ма, жоқ па, ешкім сұрамайды. Өйткені адамды құтқару қажет. Екіншіден, инфекциялық аурулар кезінде тегін қызмет болады. Сосын туберкулез сияқты аурулар бар. Оны да мемлекет өз мойнына алып отыр. Үшіншіден, сан алуан психикалық аурулар кездеседі. Бұдан бөлек, вакцинация, скрининг, орфанды, яғни сирек кездесетін аурулар, тегін дәрілер және тағы басқа шаралар бюджеттің есебінен атқарылады. Президенттің айтып отырғаны да сол, кімге, қандай және қай кезде тегін медициналық көмек беріледі. Соның бәрін ретке келтіру керек. Қалған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға беріп тастауға болады», - деп атап көрсетті Ж.Досқалиев. 

Айта кетейік, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауда Мемлекет басшысы ғылыми онкологиялық орталықты құру міндетін де белгіледі. https://kaz.inform.kz/news/prezident-aytkan-onkologiyalyk-ortalyk-astanada-salynuy-kazhet-doskaliev_a3118898

Соңғы жаңалықтар