Жақсыбеков пен Жәмішев Астанада өтетін қысқы марафонға қатыспақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 24 желтоқсанда тұңғыш рет өтетін «AstanaWinter Marafon: мүмкіндік шегінен тыс» марафонына биліктегі біршама лауазымды адамдар қатысады. 

Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында қысқы марафонды ұйымдастырушылардың бірі, әйгілі қазақстандық марафоншы Марат Жыланбаев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қысқы марафонға көппен бірге ҚР Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев атсалыспақ.

«Біз марафонға қатысушылардың санын 300-ге дейін қысқарттық. Тек дайындығы мығым спортшылар ғана келеді. Вип адамдар да бар. Марафонға Әділбек Жақсыбеков, Болат Жәмішев, Айдын Рахымбаев, Батырбек және Бағдат Мусиндер қатысады», -дейді Марат Жыланбаев.

Әйгілі спортшының айтуынша, тұңғыш марафон Астанадағы Триатлон бағында өтеді.

«Бір жыл бұрын Триатлон бағы ашылған еді. Қуанарлығы, ол жерде таңғы 6-дан бастап арнайы техникалар қарды күреп тастап отырады. Тіпті қаладағы жолдарды олай тазаламаса да, Триатлон бағы күреусіз қалған емес. Марафоншыларға деген осынау құрметті ерекше атап өткім келеді. Біздің қысқы марафон да сол жерде өтеді. Марафон барысында ол жерде жедел жәрдем қызметі болады. Өрт сөндірушілер мен төтенше жағдай қызметінің мамандары сол жерде адамдардың қауіпсіздігін бақыламақ. Шәкірттерім арнайы іші жылы киіз үйлерді дайындап отыр. Сонда қатысушылар спорттық киімін киініп, жылына алады», - дейді Марат Жыланбаев.

Айта кетсек, жарысты үш қашықтықта өткізу жоспарланып отыр. Нақтырақ айтқанда, қатысушылар 42, 21 және 10 шақырымда жүгіреді. Марафонға қатысуға ниет білдіргендер www.marathonclub.kz сайтында 12-20 желтоқсан аралығында тіркелуі керек. Жеңімпаздарға кубоктер мен бағалы жүлделер табысталады.

Соңғы жаңалықтар