Жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ұмтылған кәсіпорындарға қолдау көрсетеміз - Қасымбек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ұмтылған кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Бұл туралы бүгін Қазақстан машина жасаушыларының V форумында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның дерегінше, Индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырылған жылдардың ішінде машина жасау саласында жалпы құны 260 млрд теңгені құрайтын 100-ден астам ірі жоба жүзеге асырылды. Машина жасушылар шамамен 11 мың жұмыс орнын құрды.

«Министрліктің таяу келешектегі негізгі басымдықтарының бірі қосылған құны жоғары технологиялық өнімдер өндірісін ұйымдастыру үшін жайлы жағдай жасау болмақ. Табысқа жетуге ұмтылып, техникалық жаңғыртуға қаржы салатын, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығаратын кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетілетін болады», - деді министр.

Сонымен қатар Жеңіс Қасымбек өткен жылы еліміздің  Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы өзектендіріліп, басымдықтардың ықшамдалғанын  және келешекте еліміздің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын қосылған құны жоғары бағыттар ғана қалдырылғанын атап өтті.

«Аталған тізімде машина жасау саласы да бар. Ол толықтай алғанда экономика құрылымының өзгеруіне ықпал етуі тиіс. Сондықтан да Үкімет бұл саланы қолдауға ниетті. Біз жаңа Салық кодексінде, Кеден кодексінде қажетті шараларды қабылдауды жоспарлаудамыз. Сонымен қатар 2018-2020 жылдардың бюджеті аясында экспортты, машина жасауды қолдау, автонесиелеу және басқа да тетіктер арқылы салаға айтарлықтай қаржыландыру жүргізуді көздеп отырмыз», - деді Жеңіс Қасымбек.

Соңғы жаңалықтар