Жабылған «Қазинвестбанктің» салымшылары қаржысын толық алады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жабылған «Қазинвестбанктің» салымшылары қаржысын толық алатын болды. Бұл туралы баспасөз мәслихаты барысында банктің уақытша әкімшілігі айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кету керек, аталған банктің активтерін «Альфа банк» АҚ қабылдап алды.

«Қазинвестбанктен Альфабанкке 7,8 млрд. теңге берілді. Бұл жеке тұлғалардың депозиті бойынша активтер. Яғни, салымшылардың барлық депозиттері өтті. Нақтырақ айтқанда, салымшылардың ақшасы толық қайтарылады. Бұл Қазақстанның салымшылардың ақшасын кепілдендіру қоры тарапынан бекітілді. Тіпті қаржысы 10 млн теңгеден асатын салымшылардың да ақшасы қайтарылады», - деді уақытша әкімшілік төрайымы Джема Зинуллина.

Салымшылар өз қаржысын  актіге қол қойылған кезде ала алады. Депозиттік келісімшарттардың саны 100-ден асады.

Белгілі болғандай, «Қазинвестбанкте» 10 млрд теңге көлемінде БЖЗҚ активтері сақталып келген.

«Сыйақы мөлшерлемесін қосқанда 3 млрд теңге болатын БЖЗҚ зейнетақы активтері Альфа банкке берілді. Алайда, ол қаржы жылдық 8 пайзыдық мөлшерлемемен 3 жылдан соң ғана алынатын болды. Қалған сома тарату процесі кезінде қайтарылады», - деді «Альфа банк» ЕБ АҚ басқарма мүшесі Андрей Елхов.

Заңды тұлғалардың салымдарына келсек, бұл қаржының жартысы қайтарылады.

«Альфабанкке депозиттерін ауыстыруға келіскен кәсіпкерлердің ақшасы ғана қайтарылады. «Даму» бағдарламасы бойынша несие алған кәсіпкерлер де Альфа банкте сақтауды жалғастыра алады», - деді А.Елхов.

Айта кетейік, жылдың басында өзара байланыстағы тұлғаларға қаржыны оңды-солды шаша бергендіктен Қазинвестбанкі банкротқа ұшыраған болатын.

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, банк басшылығының іс-әрекеті бойынша талдау құқық қорғау органдарына тапсырылмақ.

Соңғы жаңалықтар