Жабыға бәйге байланған, жігіт қызға айналған... - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына еліміз өңірлеріндегі баспасөзге шолуды ұсынады.

*  *  *

96 жастағы әже құрақ құрап, қыз жасауын жасайды - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

null  

Облыстық газеттегі мақала кейіпкері Шардара ауданы Ақшеңгелді ауылдық округінде тұрады екен. Биыл 96-ы көктемін қарсы алып отырған Жүрсін әже Мұстапақызы әлі күнге құрақ құрап, көрпе тігеді. «Бұл кісі кезінде кілем де тоқыған, киіз де басқан. 80 жасқа дейін қолынан кетпенін тастамай шабық шапты. Қазір де қарап отырған күні жоқ, әйтеуір бір тірлікпен шұғылданып жүреді. Апамыз бізге тапсырма береді, келіндер соны орындаймыз. Кейде мазасы болмай қалады, ол кезде дереу дәрі-дәрмегін беріп, сырқатынан айықтырып аламыз, - дейді бүгінде өзі де ене болып отырған әженің келіні Гүлжахан».
null 

Әженің өзі 15 құрсақ көтерген, соның 14-і жарық дүниені көріпті. Олардың өзі бүгінде ұл ұяға, қыз қияға қонып, ата-әже атанып отырған көрінеді. Қыздардың барлығы дерлік ұстаздық мамандықты игерген. Жүрсін әже осы ұл-қыздан барлығы 85 немере, 55 шөбере сүйіп отыр.
null  

 

Жабыға бәйге байланған, жігіт қызға айналған... - «Сыр бойы» газеті

null 

Әлеуметтік желіні шулатқан әңгіменің бірі - «Miss Virtual Kazakhstan» сұлулар байқауы болатын. Байқауға бойжеткендер фотосуретін әлеуметтік желілерге салу арқылы қатысу керек еді. Сол байқауға өзін шымкенттік Арина Әлиевамын деп таныстырып, қатысқан алматылық Илай Дягилев есімді жігіт финалға жетуге де аз ғана қалды. Сүйтіп ару атана жаздаған еркек туралы әңгіме желдей ескен болатын. «Бұл оқиғаға байланысты не айтуға болады? Қызтекелер насихаты қызды дейміз бе, жоқ әлде, әсіре сұлулыққа көзі байланған «әділ қазыларды» кінәлаймыз ба?» деп жазады «Сыр бойы» газеті.

Мақала авторы байқауға қыз болып қатысқан «Илайдың имансыз қылығын» сөккендей болғанымен, мұндай іс-әрекетімен сұлулық байқауының сұрқын ашып көрсеткенін де жаза кетеді.

«Біздің сұлулық сайысы деп жүргеніміз боянғандар бәйгесі болып шықты. Ойпырмай, шынымен де хас сұлулық пен жасанды сұлулықты айыра алмайтын күйге түскеніміз бе? Бет боямайтын Баяндар, қас жұлмайтын Қыз Жібектер, тырнақ өсірмейтін Тоғжан сұлулар қайда жүр екен. Ел ішінде соларды жоқ деп айта алмайсыз. Бірақ, ауылдағы арулар мұндай бақталастыққа құштар емес. Өйткені олардың бұл бәйгеде оза шабуы неғайбыл.  Қазір бәйгеден не жабы озады, не алтын бақыраштың сабы озады...» деп түйіндейді автор.

 

Есім ханның құлпытасында не жазылған? - «Орал өңірі» газеті

null
«Орал өңірі» газетіндегі «Құлпытастар құпиясы» атты айдарда Есім хан Нұралыұлының құлпытасындағы жазулар баяндалған екен. Онда: « 2)... хан Иш'али ибн хан Нур'али; 3) ибн хан әл-мархум Абул-Хайр; 4)    1211 йылда 53 йашынде; 5) бұ ташны ұғлы Қайып'али сұлтан...» деп жазылыпты.

Құлпытастағы жазудың мәтінін профессор, тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Мүмінов оқып шыққан. Мәтін мағынасын былай анықтаған екен.  «1)Ол - ешқашан өлмейді, Тірі! Бұл қабір кешірілген, жеңісті, Тағаланың қамқорындағы, саййид, баһадүр, 2) Иш-'Али хан ибн Нұр-'Али хан; 3) ибн хан марқұм Әбілқайыр, рихлат айлады; 4)   1211 (1797) жылы 53 жасында; 5) Бұл тасты ұлы Қайып-'Али сұлтан қылдырды. 6)  Өлең: «Болып бағы күллі ... кімде дұшпан; 7) Шахадат шәрбәті Махшар ... ол хан; ...8) Ұлы Фирдаус ... әуелі хош; 9) Оқыса егер бұны бір мұсылман; 10)  Хош Құран оқып, қылсын дұғаны».

Мәтіннің төменгі жағында үш айыр төре таңбасы бейнеленген. Ақжайық ауданы Базаршолан ауылдық округіне қарасты Ескіесім елді мекенінің маңындағы көне қорымдағы №5 құлпытас. Биіктігі - 165 см. Есім хан -  Нұралы ханның үлкен баласы, Ерәлі ханның мұрагері, Әбілқайыр ханның немересі. 1794-1797 жылдар аралығында Кіші жүзі ханы болған тарихи тұлға.

Абайлап сөйлейікші...  - «Сыр бойы» газеті

null 

Қазақта «Кісіні аузындағы сөзінен таны» деген даналық бар. Дұрыс сөйлеу, дұрыс сөйлесу - адамшылықтың көрінісі. Әрине, әркімнің сөйлеу мәнері әртүрлі болуы мүмкін. Алайда бұл да бір жағынан тәрбиенің жемісі екені даусыз. «Сыр бойы» газеті де осы мәселені көтерген екен.  Мақала авторы ауылда өскенін, әже тәрбиесін көргенін айтып, әженің сөйлеуге қатысты тыйымдарын еске салады. Үлкен кісілердің «әулиелердің есімдерін тура атауға, жиі айта беруге де болмайды» дегеніне назар бұрады. Сосын есінде қалған жайт туралы оқырменмен бөліседі. «Қазалы қаласына бармақшы болып автобусқа міндік. Күз мезгілі. Жауын бүркіп тұрды. Автобус орнынан қозғалар-қозғалмастан аямай боянып, сыланған жастау әйел жүргізушіге «Мені Жанқожаның қасынан қалдырып кетші» деді қатқылдау үнмен. Шофер үнсіз басын изеді. Мұны естімеді деп санады ма, келіншек даусын жаңағыдан да қатайтып «Мені Жанқожаның қасынан тастап кет дедім ғой» деді тағы да. Шыдамаса керек, бір үлкен кісі «Балам, ол кісі аса киелі,  әулие адам. Тура атын атамай, баба, болмаса батыр ата дегенің дұрыс» деген еді. Әйел өршелене түсіп, жаңағы сөзін тағы әлденеше мәрте қайталады. Отағасы енді ауыз ашса, ұрыс басталатынын түсінгендей үнсіз қалды. Бабаның кесенесіне жақындап қалғанбыз. Аяқ астынан тарс еткен дыбыс шықты да автобус бір қапталға қарай қисая берді. Салонда шыбынның ызыңы естілгендей тыныштық орнады»...

 

Мешітте жұртты тонаған Атырау тұрғыны сотталды - «Атырау»  газеті

Оралда мешітке келгендің қалталарын тонаған Атырау облысының тұрғыны 3 жылға сотталды. Атыраулық азамат мешіттерге барып, киім шешетін жерлердегі киім-кешектердің қалтасынан ақша мен бағалы заттарды алып кеткен. Бұл ғана емес қылмыскер қала тұрғынын соққыға жығып ұялы телефонын және 190 мың ақшасын тартып алған. Мешіттегілер мейірімділік танытып, өзі бұрын да сотталған қылмыскерді кешірген екен. Алайда ауыр қылмыс болып саналатын адам тонағаны үшін сотталып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Айтпақшы 25 жастағы жұмыссыз мешітке келушілерге 300 мыңнан астам шығын келтірген екен. Оның ішінде 4 ұрлық оқиғасы тіркелген.

Жуынып, тіс тазалаудың өзі «Рухани жаңғыру» болып кетті - «Жетісу» газеті

null 

«Жетісу» газетінің жазуынша, бұл пікірді белгілі саясаттанушы Айдос Сарым Талдықорғанда «Рухани жаңғыру және қазақ қоғамы» тақырыбында өткен жиында айтыпты. Сондай-ақ, ол модернизация ұғымы туралы ұтымды ойларын ортаға салған екен.

«Рухани жаңғыруға» өте бір жеңіл көзқараспен қарап келе жатқан сияқтымыз. Модернизацияны кейбір азаматтар «евроремонт» деп түсінеді. Ешбір ел, қоғам модернизацияны жақсылықтан жасамайды. Ол түңілудің, рухани дағдарыстың нәтижесінде дүниеге келеді. Жақсы дамығымыз келсе, бүгінгі болмысымыздағы, тұрмысымдағы біраз нәрседен бас тартуға мәжбүрміз. Осыны істемесек, онда көптеген жұмысымыз нәтижесіз қалады. Модернизация - өмір мен өлімнің таңдауы. Сүреңсіз өмір ол да өлім. Бақытсыз ғұмыр кешу - өлудің ұзақ мерзімді түрі. Өмірге деген құлшыныс, пайым артқанда ғана жетістікке жетеміз. Сондықтан рухани күйзелістерді дұрыс қабылдап, түсінуіміз керек» депті саясаттанушы.

Шара Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы мен өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен «Smart Zhetysu» жобасы аясында өткен.

 

Соңғы жаңалықтар