Жәбірленуші Хамро Суванов: Осыншама қарыз сомасын қайдан алғандарын білмеймін...

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Лилия Рахтың ісі бойынша сотта жәбірленуші Хамро Суванов айыпталушы Мири Паз қарыз мөлшерін қандай себеппен 1,2 млн долларға дейін бағалағанын түсіне алмайтынын жеткізді, деп жазады сот залынан ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұндай қарыз сомасы қайдан шыққанын өзім де түсінген жоқпын (Мири Паз  сотта Сувановтың оған қарызын басында 2 млн, кейін 1,2 млн доллар деп көрсеткен - редакция )», - деді Хамро Суванов.

Сот талқысында Суванов Мири Паздың сөзінен ұққанын жайып салды.

Оның айтуынша, Мири Пазға бір балгер Сувановтың үйінде шкаф артында 2 млн доллар жасырынып жатыр депті. Осыдан кейін, әр кеш сайын Сувановтан: «Енді ақшаны қайтарасың ба, жоқ па?» деп сұрау көбейген.  Ол өзінде мұндай сомада ақша жоқ екенін айтқан.

Сонымен қатар, ол Израиль азаматшасы Мири Пазға қарызға 200 мың доллар берген. Одан жалпы құны 200 мың доллардан асатын бағалы әшекейлер алған. Ол заттарды кейін ломбардқа тапсырған.

Лилия Рахтан сатуға 31 мың доллар тұратын жүзік алған. Жалпы Суванов Рахқа 31 мың доллар және 1 млн теңге қарыз болған.

Сот талқысында Мири Паздың адвокаты Салимжан Мусин интимді сұрақтар болатынын ескертіп, сот залынан БАҚ өкілдерінің шығуын талап етті.

Еске сала кетейік, бүгінгі сот талқысында жәбірленуші Хамро Суванов жедел жәрдем шақыртып, сот отырысы түстен кейінге қалдырылған.

Сондай-ақ  бүгін түске дейін болған сот отырысында Хамро Суванов өзін қалай ұрлағанын айтып берген болатын.

«Мисиров мен Шалбаев кезектесіп маған қарады. Мири Паз менен әр кезде әртүрлі соманы айтып ақша талап етті. Ең соңғы тоқтағаны - 1,2 млн деген сома. Лилияға мен 31 мың доллар және 1 млн теңге қарызбын. Мені қамауға алған екінші күннен бастап, аяқ-қолымды байлап тастады. Үшінші күні бетімді скотчпен байлады», - деді Суванов.

Сондай-ақ, ол Ислам Мисиров, Бахыт Шалбаев оған дәрі мен тамақ беріп тұрғанын да айтты.

«Мири Паз тарапынан үнемі қатыгездік жасалды. Мені соңғы рет қамауда ұстаған пәтер Алматыда орналасқан. Ол жерден мені құқық қорғау органы адамдары шығарып алды, сол үшін оларға алғыс айтамын», - деді Суванов.

Бұған дейін хабарланғандай, 2016 жылдың 9 шілдесінде 33 жастағы Өзбекстан азаматының жоғалып кеткендігі туралы полицияға арыз түскен.

Кешенді тексеру шаралары барысында айыпталушылардың Өзбекстан азаматын ұрлап, қаладағы жалдамалы пәтерлердің бірінде қамауда ұстағаны анықталды. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында жәбірленуші қамалған мекенжай анықталып, ол аман-есен бостандыққа шығарылған еді. Осы іске қатысы бар деген күдікпен төрт адам ұсталды. Олар: Лилия Рах, Мири Паз, Ислам Месиров және Бақыт Шалбаев.

 

Соңғы жаңалықтар