Ж.Асанов «Бизнесті прокурорлық қорғау» жобасының алғашқы нәтижелерін жария етті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қылмыстық құқықбұзушылықтар туралы хабарламаларды Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері өздері жасап келген. Бұл туралы бүгін Ақтөбе облысының кәсіпкерлерімен кездескен еліміздің Бас прокуроры Жақып Асанов айтты.

«Бізде мемлекет бизнес үшін көп нәрсені жасауда. Заңдарды, бағдарламаларды қабылдады, миллиардтаған қаржы бөлуде. Алайда, осының барлығы қаншалықты тиімді жұмыс істейді? Өкінішке орай, біз қалағандай емес. Сондықтан біз өзіміз үшін бірнеше басым бағытты анықтап алдық. Солардың ішінде «Бизнесті прокурорлық қорғау» жобасы да бар. Ағымдағы жылдың 14 маусымында «Атамекен» ҰКП-мен бизнеске қысым көрсетуді азайту жолдары талқыланған форум өткіздік.

«Осал жерлерді» анықтадық, «Жол картасын» әзірледік. Онда 5 бағыт бар - қадағалаушы органдардың қысым көрсетуі, кәсіпкерлерді қылмыстық процесте қорғау, азаматтық даулар мен әкімшілік істер, әкімшілік кедергілерді қысқарту және бизнесті жаппай дамыту», деді Бас прокурор.

Сонымен қатар Ж.Асанов Бас прокуратураның «Атамекен» ҰКП және «Нұр Отан» жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық қоғамдық кеңеспен бірлескен жобасының алғашқы нәтижелері туралы айтып берді.

«3 айда нені жасай алдық? Біріншіден, Экономикалық тергеу қызметтерінің экономикалық қылмысқа ден қоюдың нақты алгоритмі әзірленді. Оның мәні - біз қылмысы жоқ хабарламаларды тіркеуге тыйым салдық. Осыны жасаған соң бірден қылмыстық құқықбұзушылықтар туралы хабарламалар саны 1,5 есеге күрт төмендеді. Оларды бұрын мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері өздері жасайтын. Яғни, форумға дейін жиі іс қозғайтын, енді уәкілетті органға көбірек жіберетін болды. Біздің осы нұсқауымыздан соң тергеушілердің тапсырмаларымен қылмыстық істер (3 335-тен 1 001-ге дейін) мен тексерулер саны 3 есеге азайды», - деді ол.

Екіншіден, Бас прокурордың айтуынша, шілде-қыркүйекте 1 256 іс тоқтатылды. Бұл 2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы және форумға дейінгі санына тең. Ал, бұл әрбір үшінші іс бойынша кәсіпкерлерді «текке сүйретті» дегенді білдіреді.

«Олар өз істерін тастап, түсініктеме жазуға мәжбүр болды. Алайда, зиянға бататын бизнестің иесі ғана емес. Оның қызметкерлері де еңбекақысыз қалады, олар өз отбасын асырай алмайды», - деді Ж.Асанов.

Үшіншіден, Бас прокурор Жоғарғы сотпен жалған кәсіпкерлікті тергеу практикасы түзетілгенін атап өтті. «Енді салықтар бәріне бірдей қосымша салынбайды, тек кінәсі делелденген болса ғана салынады», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар