Зейнолла Самашев: Көненің жұмбағы Берелдің қойнауында

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда таңдалып алынған 100 жалпыұлттық деңгейдегі қасиетті жердің тізіміне Шығыс Қазақстандағы Берел қорғаны да енгізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығынан хабарлады.

Еске сала кетсек, бүгін «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстанның киелі жерлерін анықтау жұмысы жүргізіліп жатқанын мәлімдеген болатын. Бүгінгі күнге дейін елімізде жалпыұлттық деңгейдегі 100 және жергілікті маңызы бар 500 киелі орын таңдалып алынып, олар арнайы тізім жобасына енгізілген.

Қасиетті орындардың тізімінің ішінде Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданындағы Берел қорымы да еніп отыр. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашевтың айтуынша, Берелдің зерттеліп жатқанына 19 жылдай уақыт болып қалған.

«Берел біздің заманымызға дейінгі ІV ғасыр кезеңін қамтып, сол кезеңдегі ата-бабаларымыздың тарихы, мәдениеті туралы деректерден ақпарат беретін бірден-бір ескерткіш болып табылады. Біздің ата-бабаларымыз қалай өмір сүрді, көршілерімен қандай қарым-қатынас жасады, қандай экономикалық байланыс орнатты? Сондай сұрақтардың жауабын шешуде Берел өте құнды ескерткіш. Көне өнер тұрғысынан алып қарағанда Берелден табылып жатқан құндылықтардың біздің қазіргі заманның тарихы үшін маңызы өте зор. Сондағы көне өнердің образдары, олардың қазақ өнеріменен тарихи сабақтастығы бар. Сонымен бірге, көне заман құндылықтарын қазіргі мәдени кеңістікке интеграциялау мәселесі жолға дұрыс қойылып келе жатыр. Осы ретте Берел қорымының көрсетері бар. Берел музейі ашылды. Осы музеймен біз ауқымды мәдениетіміздің түпнұсқаларын дәріптеп, көрсете аламыз», - дейді Зейнолла Самашев.

Соңғы жаңалықтар