Зейнетке шығатындар үшін қағазбастылық азаяды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда көпбалалы аналар, мүгедектер мен зейнеткерлердің мемлекеттік қызмет алу процедуралары оңтайландырылып, жеңілдей түсетін болды. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, сонымен қатар әлеуметтік салаға қатысты өзге де мемлекеттік органдармен бірге үйлесімді проактивті қызметтерді іске қосуды жоспарлап отырмыз. Мәселен,  мүгедектікті белгілеуге байланысты мемлекеттік қызмет проактивті түрде көрсетіледі», - дейді ол Ақпарат, ақпараттық коммуникациялық және мемлекеттік қызметтерді көрсету салаларын дамыту мәселелері бойынша Қоғамдық кеңестің отырысында.

Абылайхан Оспановтың айтуынша, мәселен, оқыс жағдайға тап болып, азамат мүгедек болып қалса, ол жалпы 4 мемлекеттік қызметті ала алады. Бұған дейін мемлекет тарапынан, мәселен арба, тыңдау аппараты қажет болса, ол өтініш жазып, бұл қажеттіліктеріне өтінішті кезең-кезең бойынша тапсырып ала алатын. Ал қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге жаңа механизм жасалған. Яғни, оған сәйкес Денсаулық сақтау министрлігінен барлық қажетті ақпараттар түсіп тұратын болса, онда қажеттілігі бар адамға жәрдемақы немесе қажетті құрылғы автоматты түрде тағайындалады.
null 

«Сонымен қатар, зейнетақы төлемін тағайындауға байланысты мемлекеттік қызметті үйлесімді түрде көрсету көзделген. Бүгінгі таңда зейнетақы тағайындалған кезде бір айдан кейін зейнеткер қайтадан мемлекеттік корпорацияға барып, базалық төлем бойынша мемлекеттік кепілдікке қатысты өтініш жазуы керек. Ал осыдан бастап бұл процедураның барлығы бір өтініш арқылы жүзеге асырылатын болады», - деді ол.

Абылайхан Оспановтың сөзіне сенсек, «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» бойынша жәрдемақы тағайындау процедурасын да оңтайландыру көзделген.

«Бүгінгі таңда аталған атақты алған адам жәрдемақыны алу үшін мемлекеттік корпорацияға баруы керек. Біз Президент Әкімшілігі арқылы ақпарат алып, соның негізінде төлемдерді автоматты түрде тапсыруды жоспарлап отырмыз. Біз осы жолдар арқылы экономикалық тиімділіктің болжамды көрсеткішін есептеп шығардық. Құжаттардың қағаз түріндегі айналымын алып тастауды көздейміз», - деді Абылайхан Оспанов.

Соңғы жаңалықтар