Зейнетақы қоры мен БҚО әкімдігі арасында меморандумға қол қойылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Ақпараттық Қазақстан - 2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Оралда «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ мен БҚО әкімдігі арасында өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Аталмыш қор өкілдерімен БҚО әкімдігінде болған кездесуде облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың атап өткеніндей, Қазақстанның зейнетақы жүйесі жаңғыртыла түсуде, сондықтан мұның қоғам үшін маңызы зор. Заңды сипат алған зейнетақы жүйесіндегі жаңа өзгертулер мемлекеттің жаңа әлеуметтік саясатының құрамдас бөлігі болып табылады. Жаңғырту үдерісі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейді, мемлекеттің азаматтарды еңбекке орналастырудағы жауапкершілігін арттырады. Ең бастысы, Қазақстан азаматтары лайықты зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етілуі қажет.

Батыс Қазақстан облысында 630 мыңнан астам адам тұрса, соның 336 мыңы экономикалық белсенді тұрғындар болып есептеледі. 357 мыңнан астам батысқазақстандықтың міндетті зейнетақы шоттары бар. Жинақталған зейнетақы көлемі 289 млрд теңгеге жетті, бұл - Қазақстандағы барлық зейнетақы жинағының 4 пайызы. Орта есеппен әр салымшының есебінде 821 мың теңге бар, бұл республикалық көрсеткіштен жоғары.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаеваның айтуынша, алдағы жылы Қазақстан зейнетақы жинақтау жүйесіне 20 жыл толмақшы. Биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша республикадағы зейнетақы жинағы көлемі 7 трлн 539 млрд теңгеге жетті. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде зейнетақы төлеудің кестесі өзгереді. Дегенмен зейнетақы жинақтау жүйесінің негізгі бағыттары бұрынғы қалпында қалады.  2014 жылы қабылданған зейнетақы жүйесін дамыту тұжырымдамасына сәйкес реформалар жүргізіліп жатқаны белгілі. Ел экономикасын дамытудағы зейнетақы қорының ықпалын ескере отырып, оны тиімді басқарудың маңызы зор. Осы орайда Елбасы тапсырмасына сәйкес ҚР Ұлттық банкі зейнетақы активтерін бәсекеге қабілетті ортаға беруге қатысты ұсыным жобасын дайындады. Заман талаптарына сәйкес қазіргі уақытта зейнетақы қорының электронды қызметі жетілдірілуде. Инфляция құны ескеріліп, зейнетақы төлемдеріне мемлекеттік кепілдеме беріледі.

Меморандумға сәйкес тараптар тұрғындардың қаржылық сауаттылығын көтеру, міндетті зейнетақы төлемдерінің көлемін көбейтіп, уақтылы түсуін қамтамасыз ету, зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша ақпараттандыру, сондай-ақ қор қызметінің балама мүмкіндіктерін пайдалану бағытында бірлесіп жұмыс жасауға уағдаласты. 

Соңғы жаңалықтар