Зерендіде жылу құбыры қайта жарылды: Мектепте сабақ тоқтатылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Зеренді ауылында жылу құбыры екінші рет жарылып, 50 тұрғын үй мен 1 мектеп жылусыз қалды. Оқушылардың сабағы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске салайық, 17 қаңтар күні кешкі сағат 20:00 шамасында Зеренді ауылында жылумен қамтамасыз ету орталық жүйесінен ақау шығып, ыстық су сыртқа атқылаған болатын. Бір тұрғын үй мен дəмхана ғимараты жылусыз қалды. Апат орнында аудан әкімі Мереке Мұстафин болып, қалпына келтіру жұмыстарын бақылауға алған еді.  

Ал бүгін, 18 қаңтар күні таңғы сағат 05:30 шамасында Зеренді ауылында жылу құбыры қайта жарылды (50 мм диаметр). Апат жылу жүйесіне ыстық су жіберу кезінде орын алған. Құбырдан көп су сыртқа ағып, жекеменшік 50 тұрғын үй мен 1 мектеп жылусыз қалды. Орын алған апатқа байланысты №1 Зеренді орта мектебінде сабақ уақытша тоқтатылды.

Әкімдіктен хабарланғандай, қазіргі кезде, төтенше жағдайдың зардабын жою жұмыстары аяқталып,  құбырға ыстық су қайтадан жіберілуде. Мамандардың айтуынша, жарылған құбырдан 700 текше метр су далаға аққан. Құбырға ыстық су жіберу жұмыстары бірнеше сағаттаң соң аяқталады.

 

Соңғы жаңалықтар