Зерендіде туристер үшін визит орталығы ашылады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Зеренді ауданындағы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы аумағында туристер үшін визит орталығын ашу жоспарланған. Бұл туралы аймақ басшысының кеңесшісі Марат Иғали мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақмола облысы бойынша «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында Зеренді ауданындағы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы аумағында туристер үшін визит орталығын ашу мәселесін талқыладық. Ұлттық табиғи саябақты дамытудағы бас жоспарға сәйкес визит орталықтың құрылысын жүргізу үшін жер телімі бөлінді», деп жазады М.Иғали Фейсбуктегі парақшасында.

Сонымен қатар, ол 2018 жылы Щучинск - Зеренді авто жолының құрылысы аяқталатынын атап өтті. Бұл өз кезегінде Зерендіге келетін туристер ағынын арттыруға септігін тигізбек.

2017 жылдың маусым айында ҚР Үкіметінің қаулысымен 2023 жылға дейінгі туристік саланы дамытудың тұжырымдамасы бекітілген болатын. Тамыз айында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы елімізде туристер үшін визит орталық ашу жоспарда барын айтқан болатын. Министр осындай орталықтарды ашу әлемдік тәжірибеде барын, сондай-ақ, мұнда келушілер мен туристер үшін дәмхана, естелік бұйымдар сататын сөрелер, мәжіліс залы, шеберхана сияқты өзге де қажетті инфрақұрылым болатынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар