Зарина Дияс WTA турнирінде алғаш рет жеңіске жетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші, әлемнің 100-інші ракеткасы Зарина Дияс халықаралық Токио турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Myscore.ru сайтынан тікелей көрсетілімде белгілі болғанындай, Зарина финалдық бәсекенің бірінші партиясында әлемдік рейтингте 171-інші орында тұрған қарсыласы, жапониялық Мию Катодан 6:2 есебімен басым түсті. Екінші партия әлдеқайда тартысты өрбіді. Есеп 5:5 болған кезде қазақстандық теннисші брейк жасап, алға шықты. Бұдан кейін Зарина өз геймін бермей, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Матч 1 сағат 19 минутқа созылды.

Бұл - Заринаның спорттық жолындағы WTA турниріндегі алғашқы жеңісі. Ол осыған дейін 2014 жылы Жапонияның Осака қаласында өткен халықаралық турнирде  австралиялық теннисші Саманта Стосурға финалда есе жіберген болатын.

Еске сала кетейік, Токио турнирінің жүлде қоры 226 750 АҚШ долларын құрайды.

Соңғы жаңалықтар