Заңсыз мемлекеттік сатып алуларды тоқтату арқылы 165 млн теңге үнемделді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016-2017 жылдары Астанада заңсыз мемлекеттік сатып алу байқауларын тоқтату арқылы 165 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражаты үнемделді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Астана қалалық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Серік Мұжықов Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысында мәлім етті.

«Астана қалалық прокуратурасы келтірген деректерге сәйкес, 2016-2017 жылдары мемлекеттік сатып алулар саласына 7 тексеру жүргізіліп, 49 заңбұзушылық анықталған және 42 лауазымды тұлға жауапқа тартылған. Прокурорлық жауап беру актілері бойынша заңсыз жүргізілген байқауларды тоқтату арқылы 165 млн теңге көлеміндегі бюджет шығынына жол берілмеді», - деп атап өтті С. Мұжықов.

Мәселен, Астана әкімдігінің қызметіне тексеру жүргізу барысында мемлекеттік сатып алулар рәсімін жүзеге асыруда елеулі заңбұзушылықтар табылған және жылытатын аялдама павильондарын орнатуда қаражатты негізсіз жұмсау фактілері анықталған.

«Осылайша, қалалық прокуратура заңды бұзғаны үшін (ҚР Мемлекеттік сатып алулар туралы заңы) Астана қаласы Жолаушылар көлігі басқармасының басшысын, қалалық Автомобиль жолдары және Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының лауазымды тұлғаларын жауапқа тартты», - деп толықтырды палата өкілі.

Сарапшы мемлекеттік сатып алулардың бюджеттік қаражаттан қаржыландырылатынын және мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыратын ақшаны тимді жұмсау, жеткізушілер арасындағы әділ бәсекелестік, мемлекеттік сатып алуларды жүргізу процесінің ашықтығы ұстанымдарына негізделетінін атап өтті.

«Осыған байланысты, Кеңес атынан (Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қарсы іс-қимыл кеңесі - ред.) «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан Мемлекеттік сатып алулар туралы заңнамаға өзгерістер енгізуді, атап айтқанда заңнаманы бұзған лауазымды тұлғалар үшін жауапкершілікті қатаңдатуды, кәсіпкерді мемлекеттік сатып алулар жүйесіне қатысу құқығынан айыру жазасын сот шешімімен ғана орындауды, мемлекеттік сатып алулар дауын сотқа дейінгі тәртіпте шешуді ұсынамыз», - деп өз сөзін түйіндеді С.Мұжықов.

Соңғы жаңалықтар