Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 330.29
EUR 387.27
RUB 5.56
CNY 49.80

Зағип жандар үшін дабыл белгісі бар, трансформер таяқтар құрастырылды

Зағип жандар үшін дабыл белгісі бар, трансформер таяқтар құрастырылды
2017 жылғы 15 қараша 08:54 441

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандыда «ТОМ:Қазақстан» мейкатонының екінші кезеңі өтті. 72 cағаттық марафон барысында жас өнертапқыштар мүмкіндігі шектеулі жандардың өміріне қажетті құрылғыларды ойлап табумен және оны құрастырумен айналысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл - Қазақстанда өнертапқыштар арасында өткен екінші байқау. Бірінші мейкатон осы жылдың жазында Павлодар қаласында ұйымдастырылды. Онда тірек-қимыл аппараты бұзылған жандарға арналған экзоскелет ойлап тапқан қарағандылық команда жеңіске жеткен еді. 

Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің спорттық залы үш күнге зертханаға айналды - мұнда өнертапқыштар өз идеяларын жүзеге асырды. Байқауға 10 топ қатысты - мейкерлер Алматы, Талдықорған, Атырау, Павлодар, Қарағандыдан жиналды. Әрбір команданың өзіндік нидноуэры (мүмкіндігі шектеулі адам) болды, оның нақты қиындығын шешу керек еді. Бұл 10 адамның барлығы - қарағандылықтар, оларды іріктеу жергілікті түрде өткізілді. 

Зағип жандар үшін дабыл белгісі бар, трансформер таяқтар құрастырылды

Байқау нәтижесінде 10 «ақылды» жоба пайда болды: экзоскелеттер, жаңғыртылған қол таяқтары, мүгедектер арбасын баспалдақтан көтеріп-түсіруге арналған әмбебап құрылғы. Сондай-ақ педальдары қолмен айналдырылатын велосипед - хэндбайк құрастырылды. Қарағандылық команда оны сал ауруына шалдыққан жігіттің өтініші бойынша көшеде балдақсыз жүру үшін құрастырып шығарды. 

Қазақстандық өнертапқыштарға Израильден келген сарапшы көмектесті. Алекс Гехт өндірістік дизайнер болып жұмыс істейді - ол әлемнің бірнеше елдерінде осы секілді байқауларда болып қайтқан. Шетелдік маманның айтуынша, мейкатонға қатысушылар алға қойылған мақсатты сәтті орындап шықты - пайдалануға оңай әрі қарапайым, өзіндік құны төмен қызықты жобалар ұсынылды. Осының арқасында прототиптерді өнеркәсіптік өндіріске енгізуге болады. 

Өнертабыстың бірін «Луч» нейро оңалту орталығы өзіне алды. Олардың алаңында сал ауруына шалдыққан және тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған тренажер орнатылды. Құрылғы адамның қозғалу қабілетін дамытып, қорқыныш сезімін жеңуге көмектеседі. 
Қазылар алқасына үздік жобаны таңдау қиынға соқты. 

«Бүгін сіздердің барлықтарыңыз жеңімпазсыздар. Бір адамға белгілі бір проблемасын жеңуге көмектесу - әлемді өзгертумен бірдей», - деді «ҚР-дағы Тель-Авив университетінің достар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің вице-президенті Сәния Арапова. 

Талқылаудан соң бірінші орын Алматы, Қарағанды және Павлодардан келген мамандар мен студенттерден құралған «Re:Born» құрама командасына берілді. Олар зағиптарға арналған функционалды қол таяғын ойлап шығарды. Таяқ шұңқыр, шалшық су немесе бөгеттерге дыбыс беретін датчикпен жабдықталған. 

Мұндай сүйеніштің прототипі 5-6 мың теңгеге дейін барады. Осы секілді шетелдік балама құрылғылардың құны шамамен 300 АҚШ долларын құрайды. 

Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің арнайы сыйлығы студенттермен және ұстаздармен қоса оқушылар да жұмыс істеген «Жетісу» командасына (Талдықорған және Павлодар) берілді. Олар көру мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған трансформер қол таяғын ұсынды.

Мейкатон ТОМ (TikkunOlamMakers) - бұл пайдалануға ыңғайлы гаджеттерді ойлап тауып, жасау үшін мүмкіндігі шектеулі жандар мен өнертапқыштардың басын біріктіретін халықаралық әлеуметтік жоба. Сайыстар 2014 жылдан бері Израиль, АҚШ, Ұлыбритания, Австрия және басқа да елдерде өткізіліп келеді.

Зағип жандар үшін дабыл белгісі бар, трансформер таяқтар құрастырылды

 

 

 

Басты сөздер: Ғылым, Жастар, Қоғам, Аймақ, Қарағанды облысы, Әлеуметтік қолдау,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер