Ыстанбұлда Түркия-Қазақстан Іскер әйелдер бизнес форумы өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен 2017 жылғы 19-20 қазан аралығында Ыстанбұл қаласында Түркия-Қазақстан Іскер әйелдер бизнес форумы өтті.

Форумға «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің Астана қаласы бойынша Өңірлік кеңесінің төрайымы Бағила Бисембаева бастаған делегация қатысты. Форумға Түрік тарапынан Түркия Палаталар және биржалар одағы Іскер әйелдер кеңесі төрайымының орынбасары Рухсар Пекджан бастаған отыздан астам өңірлік кеңестердің басшылығы қатысты.

Форумның негізгі мақсаты - «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесі мен Түркия Палаталар және биржалар одағы Іскер әйелдер кеңесі арасындағы ынтымақтастықты дамыту - деп хабарлады Түркиядағы елшіліктен.

Түркия-Қазақстан Іскер әйелдер бизнес форумының бірінші күні екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамыту және экономикалық қарым-қатынастардың әлеуеті туралы делегация мүшелері пікір алмасты. Ортақ жобаларды талқылау үшін жеке кездесулер өткізілді
.

Қазақстан мен Түркия экономикасын жандандырудағы және екі жақты экономикалық қарым-қатынасты дамытудағы әйелдердің рөлі мен әйелдер кәсіпкерлігінің әлеуеті талқыланды. Сонымен қатар әйел кәсіпкерлер өздерінің жаңа бастамалары, әйелдер кәсіпкерлігінің мүмкіндіктері және келешегі тілге тиек болды.

Қазақстан мен Түркия әйел кәсіпкерлері экономика сияқты маңызды алаңдарда белсенділік танытып, мемлекеттің дамуына және екі жақты қарым-қатынастарды күшейтуге өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін жеткізді.

Бағила Бисембаева сөйлеген сөзінде, қазақстандық және түркиялық әйел-кәсіпкерлердің арасындағы сындарлы сұхбатты жолға қою, оның ішінде экономикалық әрі мәдени қарым-қатынас жасаудың маңыздылығына тоқталып өтті.

Форумның екінші күні «Гебзе» Сауда палатасының төрағасы Найл Чилер қабылдады және Сауда палатасы мүшелерімен кездесу өтті. Сонымен қатар «Гебзе» Ұйымдастырылған өндірістік аймағын аралап, жұмысымен танысты. Осы аймақта орналасқан және озық технология енгізген бірнеше зауыт пен фабрикалардың өндіріс процестерімен танысты.

Соңғы жаңалықтар