Ямышев ауылында шашылған адам сүйектері тұрғындардың зәресін ұшырды - Павлодар облысы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысындағы мыңнан астам халқы бар Ямышев ауылындағылар жаңадан салынып жатқан құдық суын ішуге сескеніп отыр.

300 жылдық тарихы бар ауыл тұрғындарын бір аптадан бері үрей жаулаған. Бұған елді мекен көшелерінің бірінде табылған адам қаңқалары себеп болып отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz . «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша мұнда су құбырларын тарта бастаған жұмысшылар топырақ арасынан адам сүйектерін  тауып алған. Бірақ қазу жұмыстарын тоқтатпаған олар мәйіттердің үстінен құбырларды төсей берген.


"Экскаватор адам бас сүйегін сыртқа лақтырып жіберді. Бірнеше метр тереңдіктен шыққан сүйектің шашының барын көргенде әйел адамға тиесілі екеніне көз жеткіздім. Бала кезімде әкемнің осы маңда ескі қорым бар дегеніне сенбеуші едім. Жұмыскерлерге арнайы мамандарды шақырту керек деп едім, құлақ аспады", - дейді Ямышев ауылының тұрғыны Виталий Чибисов.

 Ешкімнің елең қылмағанын мұндағы өзге тұрғындар да растап отыр. Үйінің түбінде марқұмдардың жатқанын естігендер болса, мазалары әбден қашқан. Тіпті, арнайы діни рәсімді де жасап, сүйектер табылған көше бойына сүт пен арақты түгел төгіп шыққан. Бұл өз кезегінде өлілердің тірілерден кек алмауы үшін жасалатын ырымы екен. Ал биыл ауыз суға жетеміз деп қуанған жұрт бұл жайттан соң тіршілік нәрін ішу түгілі тұрмыста пайдаланудан қорқып отыр. Өйткені, мұнда көмілген адам қаңқаларының нақты қай дәуірге тиесілі екенін ешкім білмейді. Десе де, мұнда шіркеу мен ескі қорымның болғанын естігендер жоқ емес. - Кезінде адамдар тырысқақ, сүзек, құрт ауруларынан көз жұмған. Бұл марқұмдардың сол дерттерден өлмегеніне кім кепілдік бере алады? Еш тексеріс жүргізбестен ауыз су құбырларын солардың үстінен салып жатыр. Негізі, бұл маңда казактардың бекініс-қамалы болған дегенді естуім бар", - дейді Ямышев ауылының тұрғыны Сергей Городничев.


 Бұл жағдайдан ауыл әкімдігіндегілер де құлағдар. Жұртты сабырға шақырған атқамінерлер жақын арада  сүйектер түгел зерттеледі деп сендіруде. - Археологтарды тосып отырмыз. Олар келген соң мынаның бәрін зерттеп, жерлеу туралы шешім қабылдаймыз", - дейді Ямышев ауылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Диас Құрманәлиев. Ал археологтар келіп жеткенше ауыл иттері көмілмей қалған адам сүйектерін тасып, мүжіп жүр. Үрейленген тұрғындар болса, арнайы зерттеу жүргізілмейінше құдықтан су ішпейміз деп отыр.

Соңғы жаңалықтар