Як-12 және Ан-28 ұшақтарын қолданыстан бірден алып тастай алмаймыз - Тоты Әмірова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы - бас мемлекеттік авиациялық инспекторы Тоты Әмірова ресейлік Як-12 және Ан-28 ұшақтарын алдағы уақытта қолданудың маңыздылығы туралы айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Бүгінгі таңда азаматтық авиация академиясы жанындағы оқу-жаттығу орталығындағы ұшақтардың ұшуын тоқтатып қойдық. Оған себеп - үш авиациялық апаттың тіркелуі болып отыр. Екі ұшақ ұшу барысында істен шықты. Курсанттар аман қалды. Ал үшіншісінде апат тіркелді. Мәселен, сол апаттан кейін біз Як-12 ұшағының ұшуын тоқтаттық. Алдағы уақытта Ан-28 ұшағын да тоқтатуды ойластырып отырмыз. Апаттың мән-жайын түсіну үшін тергеудің нәтижесі мен мәліметтерін күтіп отырмыз, мүмкін соған қарай отырып осы ұшақтардың ұшуын тоқтатамыз», - дейді Т.Әмірова.

Оның айтуынша, АН ұшақтарын өндіретін Антонов конструкторлық бюросы бұрын аталған ұшақтардың қолданылу мерзімін ресми түрде ұзартып отырған.

«Ан-28 ұшағында Антонов конуструкторлық бюросының ресурсты қолдану мерзімін ұзарту туралы рұқсаты болған. Бұл жауапты ұйым болғандықтан, біз күмән тудырмадық. Бірақ, бәрібір апат орын алып отыр. Апаттың мән-жайы тергеу амалдарының нәтижесінен кейін белгілі болады. Мәселе мынада: Қазақстан халықаралық авиация комитетімен келісім жасағандықтан, әуе кемелерінің ұшуы туралы мәліметтер Ресейге жөнелтіледі. Өйткені, Ан-28 және Як-18 ұшақтары ресейлік өнім болып табылады. Олардың құрал-саймандары да сол жақта», - дейді ол.

Тоты Әмірова сонымен қатар, ҚР заңнамасына сай келуі үшін ұшақтың аталған модельдерінің ұшуына тыйым салу керек.

«Өздеріңіз түсінетіндей, олар кәсіпкерлер. Аталған әуе кемелерінің қолданыста қалуы үшін олар әр түрлі инстанцияларға, кәсіпкерлер палатасына, экономика министрлігіне және тағы сол секілді ведомстволарға баратын болады. Бұл әуе кемелерін алып тастау үшін оларды ауыстыра алатын ұшақтар болуы тиіс. Егер ұшақтар ауыстырылмаса, әуеден даланы тексеру, өртті сөндіру, ауыр науқасты қалай жеткізуге болады», - дейді Тоты Әмірова.

Тоты Әмірова айтуынша, бұл мәселелер Қазақстанның тек шағын авиациясына ғана қатысты екенін, үлкен авиацияға қатысы жоқтығын жеткізді.

«Бұл өте маңызды мәселе. Егер әуе кемесі ескі болса, ол қауіпті деген сөз. Сондықтан, шағын авиацияда ондай мәселенің барын біле тұра оны жоғары деңгейде тезірек шешуіміз керек. Үлкен авиацияда, әрине, жағдай басқа. Біз 20 компанияны қара тізімнен шығардық. Олар Еуропаға жолаушыларды тасымалдауға мүмкіндік алды. Ендігі кезекте шағын авиацияның мәселесін шешу қалды», - дейді Тоты Әмірова.

Еске сала кетсек, 3 қазан күні Алматыдан Шымкентке ұшқан Ан-28 санавиация ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Әуе апаты салдарынан 5 адам қаза тапқан. Оның алдында 10 тамыз күні Алматыда Tecnam 2002 ұшағы апатқа ұшырап, 2 адам мерт болған еді.

Соңғы жаңалықтар