Владимир Божко интернетте өзі туралы жазылған пікірлерге жауап берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко интернетте өзіне қатысты тіл тигізгендерге пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Екі күннің ішінде әлеуметтік желілер мен жаңалықтарда ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін менің жәбірлегенім туралы айыптауларды оқыдым. Осы орайда кейбіреулер маған қатысты тікелей әдепсіз сөздер айтқан»,-деп тоқталды Божко Мәжілісте тілшілерге берген сұхбатында. Алайда ол тіл тигізген адамдарды сотқа беруге ниетті емес екенін айтты.

«Мен олардың әдісін білемін, яғни бұл адамдар өздеріне жарнама жасау мақсатында біреулерді қаралауға шебер»,-дейді ол.

Аталған мәселеге байланысты В. Божко Парламент сайтындағы оның баяндамасы мен «Казахстанская правда», «Литер», «Егемен Қазақстан» газеттерінде жарияланған объективті материалдарды оқып шығуға кеңес берді.

«Мен ауыл жастарының қалаға тартылуына тыйым салу  керек деп айтқан жоқпын. Бұл тұрғыда жастарды ауылдан кетуге итермелейтін ахуалды туындатпас үшін, өңірлерде қажетті жағдай жасау керектігін сөз еттім. Осы орайда мәдени мәселелерді шешіп, ауылдарда өмір сүру сапасын жоғарылату мақсатында жалақысы лайықты деңгейдегі жұмыс орындарын құру, инфрақұрылымды ретке келтіру мәселелерін көтерген едім. Өздеріңіз білесіздер, ешбір тұрғын Сауэрден (Ақмола облысындағы «Родина» аграрлық фирмасының директоры) және «Родинадан» кетіп жатқан жоқ, себебі ол жерде барлық мәселелер шешілген және осындай жағдай барлық өңірде болуы тиіс»,-деп түсіндірді депутат.

Мұнымен қоса В. Божко әлеуметтік желілерде оның отставкаға кетуі туралы ұсыныстарды қалай қабылдағанын айтып берді.

«Кей кездерде әдепсіз азаматтың, сонымен қатар желіде өзінің аты-жөнін көрсетпей жасырын отыратын пайдаланушылар тіл тигізе бастағаны қынжылтады. Әрине, бұл жағдай маған ауыр тиді. Интернетте ауқымды аудиторияны пайдаланатын көргенсіздеу азаматтарға осылай әрекет етуге тиісті түрде жол бермейтін кезең алыс емес деген ойдамын»,-деп түйіндеді сөзін Божко.

Соңғы жаңалықтар