Винара Нұрланова: Рухани жаңғыру - келер ұрпақты кемел білімге сусындатудың бірегей мүмкіндігі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Рухани жаңғыру бағдарламасының білім саласына қатысты тұсы - келешек ұрпақты кемел білімге сусындататын үлкен мүмкіндік. Мұндай пікірді педагогика ғылымдарының кандидаты Винара Нұрланова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген қазақ мақалының мән-маңызы ешқашан кемімек емес. Керісінше, уақыт өтіп, заман өзгерген сайын халық нақылының құндылығы артып келе жатыр. Өйткені алдағы дәуір - нағыз білімділердің дәуірі болмақ. Нарықтық экономика талаптары бәсекені күшейтті. Қазір бәсекеден тыс қалған бірде-бір сала жоқ. Ал барлық саланың қарыштап дамып, өркендеп өсуі білім мен ғылымның даму қарқынына тәуелді. Мұны «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ҚР Президенті Н.Назарбаев ерекше атап көрсетті: «Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген. Біз бүгінгі жаңа атауды ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді.   Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді». Иә, үрейлі көрінуі мүмкін, бірақ алдағы санаулы жыл ішінде бүгінгі қолданыстағы кәсіп түрлерінің тең жартысы қажетсіз болып қалары анық. Бұл мыңдаған адамға табыс көзінен айрылу қаупін тудырады. Мұндай қатер келешегін күні бұрын болжай білген мемлекеттер үшін ғана қауіпсіз. Жеткен жетістігіне тоғаймай, тың бағыт, жаңа бағдар таба білген елдер ғана осы сындарлы кезеңнен сүрінбей өтеді. Елбасының аталған мәселеге ерекше назар аударуы да сондықтан»,-  деді ғалым.

Оның айтуынша, Президенттің бастамасымен Қазақстан Үкіметі білім саласындағы реформаларды күнілгері бастады. Мәселен «Болашақ» бағдарламасы тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ қолға алынды. Елімізде халықаралық деңгейдегі университеттер ашылып, оларға шетелден білікті мамандар тартылды Орта білім шәкірттері үшін еліміздің түкпір-түкпірінен зияткерлік мектептер есігін айқара ашты. Білімді жастарымыз көптеген халықаралық білім сайысынан жүлдемен оралып, ел мерейін тасытты.

«Бірақ бұл табыстарды малданып, қарап отыруға болмайды. Жалпы, бәсекелестік кезеңде көштен қалмауға әр мемлекет өзінше қамданып жатыр. Дегенмен  қазақстандық қам-қаракеттің өз артықшылығы бар. Соның бірі - гуманитарлық білімнің барлық бағыттарын қамтитын әлемдегі ең үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару ісі. Бұл шаруа жүзеге асқанда дүниежүзі мойындаған 100 оқулық нәрімен қазақ жастары өз ана тілінде сусындай алады. Және бұл жұмыстардың жүзеге асу межесі өте шұғыл. Аударма ісі 2017 жылдың жаз айынан басталып, студенттер 2018-2019 оқу жылының өзінде-ақ жаңа кітаптарды қолына алуы тиіс. Демек әлемдік бәсекеге мейлінше лайықты жастарды дайындаудағы  үлкен бір шаруа қазірдің өзінде қызу басталып кетті», - деді ол.

В.Нұрланова Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасындағы тағы бір аса өзекті бағыт - латын әліпбиіне көшу болып отырғандығын баса айтты.

«Бұл жөнінде Елбасы: «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз.   Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз» деді. Жоспар бойынша, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы стандартты нұсқасы 2017 жылдың соңына дейін қабылдануы керек. Ал оқулықтарды әзірлеу мен жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды дайындау 2018 жылдан қолға алынады. Латын әліпбиіне көшудің білім саласына тигізер оң әсері орасан. Басқасын айтпай-ақ қояйық, бастауыш сынып оқушылары әртүрлі альфавитпен әріп танып, басын ауыртпайды. Ағылшын тілін меңгеру жеңілдейді. Ұстаздар қауымының да жұмысы жүйелене түседі. Олай болса, Елбасы көрсеткен Рухани жаңғыру бағдарламасының білім саласына қатысты тұсы - келешек ұрпақты кемел білімге сусындататын үлкен мүмкіндік. Мұндай тарихи мүмкіндікті ұтымды пайдалана білу - ұлт мерейін асырып, мемлекеттің іргесін бекіте түседі. Өйткені бұл шаруа - бәсекеге қабілетті қоғам құрудың алғышарты»,-  деді педагогика ғылымының кандидаты.

 

Соңғы жаңалықтар