Вице-министрмен кездесуде батысқазақстандық шаруалар өзекті мәселелерді көтерді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Серік Егізбаев сала қызметкерлерімен кездесіп, Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсегеге қабілеттілік» атты Жолдауында алға қойылған басты міндеттерді атап көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың қатысуымен өткен жиында вице-министр Жолдауды әр мемлекеттік қызметші оқып қана қоймай, қажет кезінде адамдарға қарапайым тілмен түсіндіре білуі керектігін жеткізді. Жылдың басты құжатында әр қызметкер өз саласы бойынша қандай мақсат-міндеттер алға қойылғанын білуі керек. Мемлекет басшысының идеяларын жүзеге асыратын да алдымен мемлекеттік қызметшілер. Сондықтан Жолдау туралы ұзақ-сонар баяндама жасамастан, вице-министр жиналғандармен барынша еркін әңгімелесіп, олардың не түйгендерін айқындауға тырысты. Мемлекет басшысы Қазақстанда аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін атап көрсеткені белгілі. Осы орайда Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі алдына маңызды міндеттер қойылып отыр. Ауыл шаруашылығы жұмыстары ауа райы мен табиғатқа тәуелді болғанымен, озық технологияларды қолдана білсе, мол өнім алуға болатыны бесенеден белгілі жайт. Еліміз ДСҰ-ға мүше болып кіргеннен кейін талаптардың қатаңдатылғаны мәлім. Сондықтан алдыңғы қатарлы мемлекеттерден қалып қоймас үшін зерттеу жұмыстарын кеңінен жүргізіп, әлемдік талаптарға сай келетін өнім өндіруге ұмтылған жөн. Ең бастысы, қандай болмасын өнім бәсекеге қабілетті болуы керек.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер де көкейкесті мәселелерді көтерді. Мысалы, белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Қатауолла Ашығалиев өзге елдердің тәжірибелеріне сүйене отырып, мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы делдалдарды алып тастауды ұсынып, мұның екі жаққа да тиімді болатынын алға тартты. Сонда несие көздері шаруаларға қымбатқа түспес еді. Сол секілді Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіндегі зертхананы өңірлік деңгейге көтерсе, одан бәрі де ұтар еді. Кәсіпкер Валерий Голоуховтің сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы техникалары мен қосалқы бөлшектерді монополист мекеме - «Евразия Групп» компаниясы жеткізеді. Оның үстіне қосалқы бөлшектерді 10-15 күн күтуге тура келеді әрі қымбатқа түседі. Ал егіс жұмыстары кезінде көктемнің әр күні жылға азық екендігін дихандар жақсы біледі. Кәсіпкер Темірғали Ескендіров ауыл шаруашылығы жобаларын жүзеге асыруға берілетін екінші деңгейдегі банктердің несиелік мерзімінің қысқа екендігін, оған қоса жаңа технологияға негізделген өндірісте қажетті мамандардың жетіспейтінін айтып, бұл ретте де мемлекет тарапынан қолдау керектігін тілге тиек етті.

Осы тектес мәселелерді қойын дәптеріне түртіп алған Серік Егізбаев бұлардың барынша ескерілетіндігін жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар