Веложолдарың қайда, Астана - қонақ сауалы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы көктемнің кеш шыққаны болмаса әдетте, мамыр айының ортасында елорда ерекше түрге енеді.  Саябақтардағы, көше бойларындағы, көкке бой түзеген зәулім ғимараттар мен еңселі үй орамдары арасындағы қайыңдар мен теректер, емендер мен қарағаш, сәмбіл талдар қыс бойы жалғызсыраған шырша мен қарағайлардың қатарын толықтырып, ойдым, ойдым орманға айналып шыға келеді. Гүлдерді айтсаңызшы, гүлдерді... Қаланың әр жеріне төсеп тастаған ғажайып кілем тәрізді.

  Сарыарқаның самалымен толқынша тербелген сәтте мына дүниедегі күйбең тіршілікті ұмытып, табиғаттың сұлу көрінісіне бір сәтке елтисіз. Содан да болар, қала тұрғындарының қолы бос сәтте көшеге шығуға тырысатындығы, өйткені қысы ұзаққа созылатын өңірдегі бұл маусымның әр күні қымбат, әсіресе жастар жағының қуанышы тым ерекше.Топ-топ болып жүрген, қызылды-жасылды киінген бойжеткен мен бозбаланың сыңғыр күлкілері жиі естілетін де шақ бұл. Бүлдіршіндерін жетектеген жас жанұялардың да қарамы көп. Бұлай болатын жөні де бар. Өйткені елорда - жастар қаласы. Өзге өңірлерден, алыс та жақын шет елдерден келген туристердің де жиілейтін тұсы бұл. Тұрғындарының саны миллионнан  асқан астанамызды қалай мақтасақ та, мақтан тұтсақ та орынды көрінері анық. Дегенмен  байыптай қарасақ, салмақтап сараласақ көлеңкелі тұстары да қылақ беретіндей. Осы тұста жаңа астананың іргесін көтерер сәтте жобалаушылар мен сәулетшілер тереңдей зерттеп, бәрі-бәрін ескерді ме?

   Әлемдегі сәулеті мен халыққа қызмет ету саласы бір-бірімен үндестік тауып жатқан іргелі қалалардың тәжірибесі жан-жақты сараланды ма? - деген сауалдың көкейді мазалайтындығы бар. Ойлантатын, әттеген-ай дегізетін сұрақ. Көлік кептелісі неліктен орын алды, екінің бірінде машина бар, тіпті кейбірінде қос-қостан, неліктен аулада көлік тұрақтары ойластырылмаған, паркингтер саусақпен санарлықтай ғана, балабақшалар неліктен аз салынған, көпқабатты үйлерді тұрғызғанда шетелдіктердің бұл түйткілді оңай жолмен шешкені (көп қабатты үйлерде шағын балабақшаны болуы) неге ескерілмеген. Осылайша жауабын күткен сауалдар тізбектеліп кете береді.

 Астананың жастар қаласы болатындығын Елбасы әу баста ескерткен болатын. Ал жастар қаласы дегендік, жас отбасылардың, арман қуған бозбала мен бойжеткеннің мекені дегендік. Күн сайын бір емес бірнеше жас шаңырақ көтеріп жатыр. Солардың үкілі үміттеріне демеу болудың орнына, яғни жаңа өмірге енді қадам басқан жандардың бүлдіршіндерін орналастыратын балабақша салуды қала билігі неге естен шығарған. Таяуда бұл мәселе жөнінде қала әкімдігіне қатты айтты, Мемлекет басшысы. Әрине, болашақта салынар үйлерде мұның міндетті түрде ескерілетіндігі шындық. Сол жиында қалада сан жүздеген бос жатқан жерлердің есебін алу жағы да тапсырылды. Қадай тапсырылды. Ендеше, шенеуніктер осы жерлерде де балабақшалар салу жағына басымдық беретін болар деген үміт те жоқ емес. Әліптің артын бағалық.

Жоғарыдағы қаузаған жайтқа қайта оралмасқа амал болмай тұр. Ол елорданың алдағы 10-20 жылғы болашағын жоспарлауы тиіс қала басшыларының, Астана құрылысына жауапты тұлғалардың  түбінде көлік кептелісінің боларын ерте бастан неге ескермегендігі. Олар талай елге барды, көрді, әлемді аузына қаратқан сәулетшілермен пікірлесті, осында шақырды да, бірлесіп те жұмыс істеді. Сонда автожолдарды салу мәселесін шетелдің білгір мамандардың қозғамауы мүмкін еместігін көңіл сезеді. Өйткені өркениетті елдерде алдымен халықтың тұрмыс-тіршілігіне, жүріп-тұруына қолайлы жағдай туғызу жолдарын қарастырады. Алдымен солардың жобасын жасайды, алдымен қаржыны сонда құяды, әсіресе жолдарға.

Ал сапасы жайлы әңгімені қозғау артық та болар. Жолдардың түрлері де көп, кең жолақты, аспалы, жер асты дегендей. Міндетті түрде веложол салынады. Міне көлік кептелісін болдырмаудың басты тәсілі. Оңды-солды ағылған автомобильдердің қатарында сан жүздеген адам велосипедпен зырғытып бара жатады. Обалы нешік, біздің қалада да велосипедті ерттеп мінген жандар баршылық. Жыл өткен сайын олардың қатары артып келеді. Тіпті уақытша велосипед жалдау тұрақтары да іске қосылды. Бұл тұрғындар үшін ғана емес, қонақтар үшін де жасалған қам. Алайда осы веложүргіншілерге қарасақ, олар көлік доңғалағының астын түсіп қалмаудың амалын іздеп жол жиегімен жан-жағына жалтақтап кетіп бара жатады. 

Осы орайда Арыс қаласының тұрғындары еске түседі. Үш жолдың торабында орналасқан ірі стансаға жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, қай көшеде болмасын, қарттардан бастап балғындарға дейін велосипед ерттегендердің қарасы мол екендігін аңғарасыз. Жанармайды, жөндеуді қажет етпейді, ұзақ жылдарға шыдайтыны тағы бар. Бұл «көлік түрі» әр үйде бар десек артық айтпаған болармыз .Жанұяның кез келгені мінеді де қалаған жеріне кете барады. Автобус күтіп сарылмайды, ақшасын да  үнемдейді. Сондағы ағайындарды аралағанда осыны көзіміз көрді. Олардың елордаға қыдырып келгендері әдемі велосипедтерді қызығуын қызықты, бір-екі рет айналып, тұраққа қайта қойғандары да бар. Астанада веложолдардың жоғы қызық екен деді бірі. Жауап бере алмадым.

Хош делік, ертең екі миллионнан астам адам ЭКСПО-ны көруге келген шақта туристердің бірқатары әсем қаламызды велосипедпен аралауды жөн көрсе, орталық көшелердің қиылыстарындағы велотұрақтағы 10-15 дана қаз-қатар тізілген велосипедтерге  мініп қаланы аралауға тартып кетсе... Өз елдерінде еркін жүріп қалған қонақтардың бірінің ерсілі-қарсылы ағып жатқан көліктердің бірінің астына түспесіне кім кепіл. Беті аулақ.

Ал бұл жағдай өркениетті елдердің қалаларында қалай жолға қойылған. Ендеше оған өзіңіз де куә болыңыз. Бірнеше елдің бірқатар қалаларындағы веложолдар жайлы el.kz. сайтынан алынған мәліметтер мен суреттерді назарлаңызға ұсынғанды жөн көрдік.

    Копенгаген, Дания
1 

Копенгагенде әрбір жергілікті тұрғынның барлығында дерлік жеке велосипеді бар. Қалада велосипедке арналған жолдың ұзындығы  - 400 шақырым.

 

      Токио, Жапония
2 

Токио - көлік желілері, оның ішінде велосипед жақсы дамыған ірі мегаполис. Велосипед қоюға арналған арнайы орындарды кез келген жерден кездестіре аласыз.

 

      Барселона, Испания
3 

Барселона қаласында велосипед қозғалысы 2007 жылдан бері қолға алынып, қазіргі күнге дейін тез дамып келеді. Қазір 30 мыңнан астам барселондық - велосипедші.

 

 

      Портленд, АҚШ
4 

Портленд (Орегон штаты) - АҚШ-тағы ең жасыл әрі велосипедті қалалардың бірі. Жергілікті тұрғындардың шамамен 9%-ы велосипед пайдаланады.  Қалада велосипедке, әсіресе тау байктарына арналған жолдар көп (400 шақырымнан астам). Сонымен қатар велосипед тебуді үйренгісі келетін кез келген адам тегін курстан өте алады.

 

Париж, Франция
5 

Париж - автомобиль көп, сондықтан ауасы ластанып жатқан астаналардың бірі. Сондықтан жергілікті тұрғындар мен француз қонақтарының көпшілігі велосипедпен жүргенді қалайды. Қазіргі кезде Парижде шамамен 1 500 велосипед қоятын тегін орын бар. 

 

Дублин, Ирландия
6 

Тұрғындарының 4%-ы велосипед пайдаланады (орталық аудандарда - 6-7%). Сарапшылардың айтуынша, жуық арада Ирландияның астанасы нағыз велосипедті аймаққа айналады. 2006 жылдан бастап велосипед қолданушылардың саны екі есеге өскен, 2021 жылға қарай қала басшылығы велосипед жолдарын бес есе өсіруге жоспарлап отыр. 

 

  Монреаль, Канада
7 

Канада қалаларының ішінде велосипедшілерге ең қолайлы жерлердің бірі. Қазір Монреальда велосипедке арналған жолдың ұзындығы шамамен 600 шақырым, жүздеген арнайы орын бар. 

 

Берлин, Германия
8 

Велоқозғалыстың дамуы Берлинде 2000 жылдардың басында басталды. Велосипедпен жүрушілерге арналған түрлі ынталандырулар мен инфрақұрылым (жолдар, арнайы орындар, жалға беру, жөндеу орталықтары және т.б.) құрылысы қарастырған арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Қазір Берлинде велосипедпен бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамаса да болады. Берлин тұрғындарының13%-ы велосипед пайдаланады (қаланың кейбір аудандарында 20-25%).

 

  Богота, Колумбия
9 

Богота - Колумбия астанасы, сондай-ақ Латын Америкасындағы велосипед транспорты ең жақсы дамыған қала.  Велосипедке арналған жолдың ұзындығы 300 шақырым. Әр жылы Боготада автомобильсіз күн - Ciclovia акциясын өткізеді, ол күні автомобильдерге арналған барлық жол жабылады. Сондай-ақ мұндай акциялар қаланың орталық көшелерінде әр жексенбі сайын өткізіледі. 

 

 Будапешт, Венгрия
0 

Будапешт - Еуропа қалаларының ішінде велосипедпен жүруге ең қолайлы қалалардың бірі. 2011 жылы Будапешттегі велосипедке арналған жолдың ұзындығы 144 шақырым болған.

 

   Бейжің, Қытай
11 

Бейжіңде ресми тіркелген 11 миллионан астам велосипед бар. Қала басшылығы  экологиялық жағдайға байланысты велоқозғалысты дамытуға күш салып жатыр. Жаңа жолдар, тұрақтар ашылуда. 

 

 Амстердам, Нидерланды
12 

Амстердам - Еуропаның велосипедті астаналарының бірі. 40%-дан аса тұрғын велосипедпен жүреді.  400 шақырымнан астам велосипедке арналған  жол арнайы белгілер қойылып, бағдаршаммен жабдықталған. Қалада велотранспорттың көптеген тұрақтары бар. 

13 

 Біз мүмкіндікке қарай небәрі 12 қаланың веложолдарын әңгімеге арқау еттік. Ал бұл тізім жалғасып кете береді. Қызғана да қызыға қарай отырып: «веложолдарың қашан салынар екен, Астана?»- дейсіз амалсыздан.

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар