Василий Левит пен Əділбек Ниязымбетов 100 мың долларды қайда жұмсайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Рио Олимпиадасында күміс медаль алса да Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, алтынға тең жүлде алған боксшы Василий Левит пен Əділбек Ниязымбетов жүлделерін қайда жұмсайтынымызды əлі шешкен жоқпыз дейді. Бұл туралы боксшылар бүгін күміс жүлдеге қосылған 100 мың долларды ала отырып, мəлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Василий Левит тіпті алдыңғы жүлдесі сол қалпында тұрғанын айтты.

«Шынымды айтсам, əлі жұмсаған жоқпын. Ақша жұмсайтындай уақытым да жоқ. Қазір көп шараға шақырады, сондықтан, көзден таса жерге «тығып» қойдым»,-дейді Василий Левит.

«Бізді қолдаған Елбасына үлкен рахмет айтамыз. Василий екеумізді қолдаған халыққа рахмет. Келесі жылы Азия чемпионаты, Əлем чемпионаты болады, оған қатысамыз ба, жоқ па əлі белгісіз. Оны жаттықтырушыларымыз өзі шешеді. Жүлдені қайда жұмсайтыным белгісіз. Қайырымдылық туралы əлі жоспар жоқ. Жүлдені бүгін алып отырмыз. Мүмкіндік болып жатса, қайырымдылыққа беремін»,-дейді Ə.Ниязымбетов.

Сондай-ақ, Василий мен Əділбек Жаңа жылға арналған филмьге түсіп, актерлік қырларын да танытқан екен. Фильм туралы сұраған журналистерге Əділбек Ниязымбетов: Түсірілімі кеше ғана бітті. Жаңа жылда көресіздер»,-десе, Василий актерлік қолынан келе бермейтінін айтып, күлді.

«Өзіме берілген рөлді ойнап біттім. Шынымды айтсам, актерлердің жұмысымен бірінші рет танысып, араларында жүрдім. Бір киноға түстім екен деп, өзімді «актер» атаудан аулақпын. Бірақ, мен үшін өте қызық болды. 31 желтоқсан күні телеарналардан көресіздер»,-дейді В.Левит.

Айта кетейік, бүгін Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы, Қазақстан бокс федерацияның президенті Тимур Құлыбаев Рио Олимпиадасының күміс жүлдегерлері Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетовке 34 млн теңге көлемінде Олимпиада ойындарының алтынға тең сыйақысын тапсырды.

Соңғы жаңалықтар