Ұзынағаштағы қанды оқиғаның мән-жайы белгілі болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы облысы Ұзынағаштағы үш адамды 18 қыркүйек күні жеке-жеке өлтірген. Екеуінің басынан атқан, біреуін байлап, кеудесінен атқан. Күдіктілердің есімі белгілі болды, деді осы іске қатысты түсінік берген ағайындылардың туысқаны Еркін Бейсекей.

«Ұзынағаш базарында мал сатқан үш ағайындыны қыркүйектің 18-і күні, жексенбі сағат 16-17 арасында өлтірген. Екеуінің басынан, біреуінің кеудесінен атқан. Күдіктілер ұсталды, бірінің аты - Талғат, екіншісі - Оңалбаев Мұрат деген адам. Екеуі де қамалды. Олар «Амангелді», «Сұраншы батыр» ауылдарының тұрғындары. Бірінші Мұқиятты, екінші Қаділбекті, сосын Жарқынбекті атқан.  Басынан атқан оқтар сараптамада. Көксу ауданында марқұмдарды ертең жерлейміз. Сұраншы батыр ауылынан 12 мал табылған. Сосын таудағы Талғаттың қора жайынан қалған мал шықты. Жалпы жоғалған мал - 41 бас. Оның 36-сы табылды. 33-ін алдық кеше, 3 еуінің паспорты, сырғасы жоқ», - дейді Еркін Бейсекей.

Еске сала кетейік, өткен жексенбі, яғни 18 қыркүйек күні, Ұзынағаш базарында мал сатумен айналысқан үш жігіттің жоғалып кеткендігі хабарланған.

1979 жылы туған Долданұлы Жарқынбек, 1973 жылғы Зарлыханұлы Мұқият пен Әлімхан Қадылбек есімді жігіттер қылмыскерлер қолынан қаза тапты.

Қазаға ұшыраған азаматтардың жақындары бүгін Сот сараптамалық орталығынан үш мәйітті Алматы облысы Көксу ауданына алып кетті.

24 қыркүйекте Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі із-түзсіз жоғалған үш ағайындының өліміне қатысты күдіктілер ұсталғанын хабарлады.

«Облыстық ІІД басшысының бірінші орынбасары подполковник Нұрлан Мәсімов басшылық еткен іздеу шараларына аудандық және аймақтық полицейлер де жұмылдырылды. Жоғалғандарды өлтірді деген күдікпен Жамбыл ауданының екі азаматы ұсталды. Жәбірленушілердің денелері табылды. ҚР ҚК 99-бабы, 2-бөлімі бойынша (Кісі өлтіру) қылмыстық іс қозғалды», - делінген баспасөз қызметінің хабарында.

Кісі өлтіру фактісі бойынша тергеу жұмыстары Алматы облыстық Ішкі істер департаменті басшылығының қатаң бақылауына алынған.

Соңғы жаңалықтар