Үздік 100 оқулықты түпнұсқадан аудару жобасы ешбір елде жоқ - ШҚМУ ректоры

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымдарының кандидаты, философия докторы (PhD) Мұхтар Төлеген «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы туралы ҚазАқпарат тілшісіне пікірін білдірді.

«Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен Астана қаласында өткен «Жаңа гуманитарлық білім» атты жиыннан ерекше әсер алдық. Елбасы жүктеген міндеттерге сәйкес, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы гуманитарлық бағыттағы тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға арналып отыр. Аталмыш жоба нәтижесінде ел жастары көш соңында қалмай, қиядағыны қағып түсетін алғыр да білімді ұрпаққа айналмақ. Әлемдегі үздік кітаптардың  қазақ тіліне аударылуы - өскелең ұрпақтың білім деңгейін әрі қарай арттыруға септігін тигізетін мемлекеттің ерекше қамқорлығы», - дейді ол.

Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ ғалымдары бұл игі іске үн қосу мақсатында алдағы 5 жылда елдің тарихына, киелі мекендерге, Шығыс Қазақстан топонимикасы мен археологиясына арналған 100 монографияны тарту етпек. Биылдың өзінде университетте 30 монография жарық көруі тиіс. Аталмыш білім ордасы «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының 1 жылдығына орай 14 монографияның тұсауын кесіп, оқырмандардың кең аудиториясына ұсынған.

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының ең негізгі идеясы - қоғамды бір бағытта ұйыстырып, оның ынтымағын арттыру. Ешбір елде түпнұсқадан өзінің төл тіліне 100 үздік оқулықты аудару жобасы жоқ. Әрине, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы арқылы Елбасы берген тапсырмаларды орындай отырып, біз дамыған 30 елдің қатарына, шикізатқа негізделген елден интеллектуалдық әлеуеті дамыған мемлекет ретінде енетін боламыз. Өйткені, білімі дамыған ел ғана өркениетке жетеді», - дейді ректор.

Фото: vkgu.kz

Соңғы жаңалықтар