Үйі өртенген тұздыбастаулықтарға 1,5 млн теңге материалдық көмек беріледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Үйі өртенген Тұздыбастау ауылының 4 отбасына Талғар ауданы әкімдігі 1,5 млн теңге көлемінде материалдық көмек бермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек айтты.

Оның айтуынша, жергілікті билік өрттен жапа шеккендерге барынша қол ұшын созып жатыр.

«Бұл отбасылар барлық материалдық заттары өртеніп жапа шегіп отыр ғой. 4 отбасыға аудан әкімдігі киім-кешек басқа да қажеттіліктеріне деп 1,5 млн теңге береді. Бүгін отбасыларға азық-түлік жеткізілді. Жатақханадан орын да ұйымдастырдық. Бірақ олар бас тартты», - деді ол.

Сондай-ақ әкім орынбасары жанып кеткен үйлердің құжаттарын рәсімдеуге көмектеспек.

«Әкімшілік тарапынан үйдің құжаттарын бәрін жасауға қайта рәсімдеуге көмектесеміз. Архивтен шығарып, әділет органдарына тіркеу деген  сияқты жұмыстармен әкімдік өзі айналысады», - деді шенеунік.

Айта кету керек, төтенше жағдай кеше 22:10-да болған. Алматы облысы Тұздыбастау ауылында жиһаз цехы өртенген. Қасындағы барак типтес үй де отқа оранды. Қызыл жалын 380 шаршы метрді шарпыды.

Оқыс оқиға орнына аудан әкімі Райхан Садықова, аудандық прокурор, аудандық электр желісі басқармасының, газ қызметтерінің басшылары, ІІБ басшысы келді.

Өрт кезінде үйі өртенгенін көрген ер адамның денсаулығы күрт нашарлап медициналық көмекке жүгінген.

Соңғы жаңалықтар