Ұстатпай жүрген кеңістік - Ұлттық код

None
None
       АСТАНА. ҚазАқпарат - Өз дамуының белгілі бір жетістікті кезеңіне жеткен кез келген ел өзінің ұлттық идеясын қалыптастыруға деген қажеттілікті сезінеді.

 Біз оны Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан айқын сезіндік, -дейді философия ғылымдарының кандидаты Болатбек Төлепберген.

 Иә, әлемдік тәжірибе көрсетіп бергендей, ұлттық идея ел дамуының түбегейлі жаңа сатысына көтерілудің орасан зор мақсаты жолындағы қоғам мен мемлекеттің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани және басқа барлық күштерін біріктіру міндеті туындаған тұста пайда болады.

    Елбасы аталған мақаласында халқымыздың ұлттық коды мәселесін қоғам талқысына салды. Ғалымның пайымдауынша, жалпы ұлттық код ұлт пен ұлттық бірегейліктің қалыптасуына тікелей әсер етеді. Ұлттық код осы ұлттың өзі туралы, қоршаған әлем мен тарихи үдерістегі өзінің орны мен миссиясы туралы, өзінің тарихи өткені мен болашағы туралы барынша жалпы көзқарастарды аңғартады. Ол халықтың бар күш-жігері мен іс-әрекетін замана алға тартып отырған аса жауапты тарихи міндетті жүзеге асыруға жұмылдыруға септігін тигізетін, сол үшін әлеуметтің тұтастығын қамтамасыз ететін рухани күш, саяси платформа, ұлттық идеология немесе әлеуметтік бағдардағы парадигма. Демек, қоғамдық болмысқа дем беруші ұлттық кодқа деген сұраныс, оған деген әлеуметтік және рухани мұқтаждық кез келген ұлт пен ұлыс үшін оның өзіндік санасында тарихи үдерістің даму барысынан туындайтын заңды құбылыс болып табылады. Бұл тұрғыдан алғанда, кез келген әлеуметтік бірлік үшін ұлттық кодтың қажеттілігі мен өзектілігі күн тәртібінен түспейтін өміршең мәселе.

   Өзінің тәуелсіз дамуының жиырма бес жылдығын артқа тастаған Қазақстан үшін де бұл тақырып көкейтестілігімен көзге түсіп тұр. Елбасының аталған мақаласынан соң «Ұлттық код» тіркесінің өзі бұқаралық ақпарат құралдарында мейлінше кеңінен қолданыла бастады. Енді арнаулы ғылыми әдебиеттермен қатар, қоғамдық санада бекітілері анық. Дамудың бүгінгі кезеңінде ұлттық кодтың мәні мен мазмұны қандай, ол қазақстандық қоғамның әр алуан діни және этностық құрамымен қалайша қиюласады, ұлттық код қалыптастыру керек пе, әлде ол өзі қалыптасады ма, оны орнықтыруда бөтен елдің тәжірибесін қабылдау керек пе, әлде өзіндік этномәдени және дәстүрлі әлеуметтік өткеннің тәліміне сүйену керек пе деген мазасыз сұрақтар қазіргі қоғамдық пікірталастың өзегін құрап, шешімін табуды талап ететін өзекті мәселеге айналып отыр.

    Ұлттық код жоғарыда атап өткеніміздей, қоғамның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін нығайтуға, Қазақстан халықтарының шоғырлануына бағытталған дүниетанымдық сипаттағы бағдарлардың, құндылықтар мен идеалдардың кешенін білдіргендіктен, өтпелі кезеңді бастан кешіріп, әлемдік өркениеттік қауымдастықтан өз орнын табуға ұмтылып отырған біздің еліміз үшін ауадай қажет. Оның үстіне, ұлттық кодтың мәні мен мазмұнын, ең алдымен, ыдыратушылық емес, керісінше біріктірушілік, топтастырушылық пен ұйыстырушылық құрайды.

      Тағы бір ескеретіні, ұлттық кодты жай ғана ойлап табу мүмкін емес. Белгілі бір әлеуметтік, саяси және мәдени кеңістікте қалыптасқан әрі өрбіген ұлттық код кездейсоқ құбылыс емес. Ұлттық кодтың компоненттері ұлттық болмыстың кескінін бейнелейтін ұлттық өзіндік сананың қойнауында жасырынған және дәстүрлі қазақ қоғамындағы осындай топтастырушы идеялардың ізін халқымыздың философиялық және әлеуметтік-саяси ойының тарихынан табуға болады.

      Әлемдегі адамның орны, әлеуметтік тұрғыда әділ қоғам орнату, социумдағы адамның рөлі, оның рухани құндылықтары мен адамгершілік бағдарлары туралы әл-Фарабиден бастап Шәкәрімге дейінгі Ұлы даланың ойшылдары қалдырған мұралар осы ұлттық кодтың рухани-адамгершілік негіздерін білдіреді.

     Қазақстанның жаңаруы және әлемдік өркениеттің көшіне ілесуі барысындағы өзін-өзі айқындауы ұлттық және мәдени өзіндік бірегейлік мәселесін күн тәртібінің алдына шығарады. Қазіргі Қазақстан үшін бірегейліктің нақты үлгісі оның саяси және мәдени өміріндегі ең бір қиын да күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Елбасы Н. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде бұл мәселені шешуде екі деңгейлі көзқарас керектігін айтады және бұл бүгінгі күні де өзінің өзектілігін сақтап отыр. Оның алғашқысы «азаматтық әрі саяси бірлікті қазақстандықтарда қалыптасқан саяси құндылықтарды басым тетікке айналдыру арқылы қалыптастыру... Оның мәні - өзіміздің азаматтық саяси тағдырымызды барша азаматтардың тағдырымен бірдей дәрежеде қорғайтын Қазақстан мемлекетімен ұштастыруда жатыр. Бұл - біздің бірлігіміз бен орнықтылығымыздың іргетасы. Бірегейліктің екінші деңгейі қазақтардың өздерінің ұлттық бірегейлігіне байланысты... Бұл қазақтың ұлт ретінде өзін өзі түсінуі мен рухани өрістерін анықтау мәселесімен байланысты».

    Сондай-ақ, қоғамның шоғырлануына септігін тигізетін әлеуметтік-экономикалық сипаттағы Елбасының «Қазақстан - 2030» стратегиясы, «Әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің санатына ену», «Зияткерлік ұлт қалыптастыру» идеялары кезінде ресми билік тарапынан да, бейресми ұйымдар тарапынан да қызу пікірталастар тудырды. Дегенмен, ұлттық кодтың рухани сипатының маңызы алдыңғы орында болуы тиіс және бұл тұрғыдан алғанда президенттің бастамасымен көтерілген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының теңдесі жоқ. Тұтастай алғанда, ұлттық кодтың әр алуан қырларын айқындайтын бұл бағдарламалар мен тұжырымдар, жолдаулар мен үндеулер, доктриналар мен идеялар Қазақстанда жүргізіліп отырған сыртқы және ішкі саясаттан алыс емес әрі Қазақстан халқының идеялық және рухани-адамгершілік тұрғыда топтасуына, жұмылуы мен шоғырлануына орасан зор оң әсерін тигізеді.       

 Болатбек Төлепберген, философия ғылымдарының кандидаты

Соңғы жаңалықтар