Үсік шалған қостанайлық әуежай маңынан табылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай қаласында сүйіктісімен ұрсысып қалған бойжеткен әуежайдан 3 шақырым қашықтағы аумақтан табылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

19 қаңтар күні сағат 21:00-дер шамасында 161/11 ҚК түзету мекемесінің аға инспектор-психологы Динара Мадьярова ер адамның көмекке шақырған даусын естиді.

«Кезекшілікте отырған ол дереу өзінің әріптестері Ілияс Букаев пен Асхат Баламбаевтарға хабар берген. Түзету колониясының қызметкерлері дауыс шыққан өндіріс аймағы жаққа бағыт алады. Бұларға тағы екі қызметкер қосылып, көмек сұраған ер адамды тапқан. Ол «Қостанай - Федоров» тасжолының жиегінде тұрды», - делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында.

Белгілі болғандай, бұл жігіт өзінің сүйіктісімен бірге таксимен Қостанайдан келе жатқан. Көлік ішінде екеуінің арасында ұрыс-керіс туындаған.

«Жанжалдан соң бойжеткен көліктен шығып, қала жаққа жалғыз бет алды. Осы күні ауа райы - 28 градусқа дейін төмендеді. Жігіт сүйіктісін өздігімен іздеп, таба алмаған соң көмек шақырған», - деп мәлімдеді баспасөз қызметіндегілер.

Осылайша, түзету колониясының қызметкерлері бойжеткенді әуежайдан 3 шақырым қашықтағы аумақтан тапты. Үсік шалған ол 161/11 ҚК түзету мекемесіне жеткізілді. Алғашқы медициналық жәрдем алған соң психолог қызмет көрсетті.

Соңғы жаңалықтар