Ұшқыш болуды армандаған жігіттер әуе қорғанысы күштерінің қатарын толықтырды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштерінің әскери институтын бітірген түлектер еліміздегі әскери қызметкерлердің қатарын толықтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштерінің әскери институтын 93 түлек бітірді.  Олардың бәрі 4 жылдан астам уақыт бойы білім алып, тәжірибе жинады. Алдағы уақытта барлығы еліміздің әуе қорғанысы күштерінің қатарын толықтарады. Түлектер 10 жылға келісімшарт жасап қойған. Үздік диплом алған ұшқыштың бірі Ақтөбеге Талдықорғаннан келген.

«Оқу жоспарына сай 3 курсты бітірген соң алғаш рет әуеге көтерілдік. Елімізде ұшақ түрлері өте көп. Институтта Л-39 ұшағымен тәжірибе жинап, енді Су-30 ұшағына отырамыз. Мен жұмыс істеуге Талдықорған қаласына барамын. Ақтөбеге келіп, оқу орнына түскен кезден бастап біз ұшқыштар болып саналамыз. Ұшқыштар өмір бойы оқиды, тәжірибе жинайды. Әрине, әуеге көтерілгенде оқыс жағдайлар болады. Техниканың аты техника. Кейде бұзылады. Бәрін жеңу нағыз маманның қолынан келетін іс. Кез келген адам ұшқыш бола алмайды. Ол рас. Ең бірінші күннен бастап көптеген тест, медициналық, психологиялық тексеруден өтіп жүрміз. Бұл жалғасады. Біз қызметтен кеткенше үнемі тексерілеміз»,- деді түлек Мирас Айдарұлы.

Ол бала кезден ұшқыш болуды армандаған. Бұл арман ата-анасының естеліктерінде жиі айтылды. «Кішкентай кезде аспанда ұшып бара жатқан ұшақты көріп, қолымды жоғары көтеріп, соңынан жүгіріп жүргенмін. Мұны мен есейген соң білдім. Мектеп табалдырығын аттап, 1 сыныпқа барғаннан бастап ұшқыш боламын деп армандап, соған қол жеткіздім. Бұл оқу орны Ақтөбеде екенін білген жоқпын, бірақ қайда болса да барамын дедім. Оқу орнына түспей тұрып ұшақтардың кескіндемесін жинап жүрдім. Ал институтқа келген соң бәріміз ағаштан ұшақ жасадық, соны сақтаймыз. Бұл біздің бойтұмарымыз»,- деді жас маман.

Ал радиоинженер мамандығын игерген Әзиз Дантаев алдағы 10 жылда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінде еңбек етеді.  

«Алматы қаласынан Ақтөбеге келіп, білім алдым. Әкем мен ағам әскери салада еңбек етеді. Мен алдыңғы толқынның жолымен радиотехника саласын таңдадым. Жер мен көктің арасын байланыстырып отырамын, аман-есен ұшып, қонуына жауап беремін. Егер ақаулар болса, жөндеймін. Отанды қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы»,- деді Әзиз Дантаев. Инженердің арманы генерал шенін алу, ол бүгін лейтенант болып, оқу бітірді.

Еске салсақ, Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштерінің әскери институты 2016 жылы жаңа мамандықты қосты. Қазір мұнда әскери дәрігерлер дайындалады. 

Соңғы жаңалықтар