Үшінші жаңғыру - Қазақстанды әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосатын сенімді көпір

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Күні кеше отандық бұқаралық ақпарат құралдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі жыл сайынғы Жолдауы жарық көрген болатын. Жолдау тақырыбы айрықша, көзге бірден түседі. Ол «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталады.

Осы ретте көзі қарақты оқырманды бірден, бірінші мен екінші жаңғыруымыз не болды екен деген ойға жетелейтіндігі анық жайт. Оны Мемлекет басшысының өзі де ашып көрсеткен болатын.

«Қазақстанның Бірінші жаңғыруы бәріміздің есімізде. 25 жыл бұрын КСРО-ның қирандысынан шығып, өз жолымызды қалай бастағанымыз жадымызда тұр. Сол кезде біздің буын іргетасынан бастап қолға алып, әлем картасында болмаған жаңа мемлекет құрды», - деп атап көрсеткен еді Елбасы.

Шындығында да, сол кезеңде әлем картасында жаңа мемлекеттің іргесі алғаш қаланып, жоспары экономикадан нарықтық экономикаға көшу жүргізілді.  Қиын-қыстау заманнан елімізді бейберекетсіздік пен аштыққа ұрындырмай, азаматтық соғыс пен экономикалық күйзелістен аман-есен алып шыға алдық. Есте болса, Тәуелсіздік таңы атқан алғашқы жылдары халыққа оңай тиген жоқ. 1991-1993 жылдары ақша құнсызданып, инфляция деңгейі 3000 пайызға дейін жетті, халық тауар мен тауарды айырбастауға көшіп, еңбек ұжымдары өндіріс көлемін қысқартты, жұмыссыздық көбейді. Халық «сең соққан балықтай» әрі-сәрі күй кешті. Дегенмен, Елбасының батыл шешімдерінің арқасында төл теңгеміз дүниеге келді, халқымыз Конституциямызды референдум арқылы қабылдады. Қираған кәсіпорындар біртіндеп қалпына келтіріліп, шетелдік тікелей инвестиция экономикамызға құйылды. Осылайша, экономикамыз тұрақталды, қам көңіл халық ес жинады. Жалақы, мен зейнетақы, шәкіртақы дер уақытында төлене бастады. Қазақ елі Еуразия құрлығындағы жас мемлекет ретінде буынын бекітіп, алға нық қадам жасады. Қазақстан аз шығын шығарып, зор жетістіктерге қол жеткізді. Демек, дәл осындай қиындықтарды еңсеріп, етек-жеңімізді қымтай алуымыз еліміздің алғашқы жаңғыруы еді.

Президент Жолдауына орай пікір білдірген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов те алғашқы жаңғыру жылдары күрделі болғанын айтады.

«Алғашқы жаңғырудың қандай қиындықтармен өткенін білеміз, еліміз үшін сындарлы сәттер көп болды. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көштік. Ескі институттарды жойып, жаңа жекеменшік институты элементтерін енгіздік. Оларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз еткіздік. Мұның барлығы да Қазақстан табысты еңсере алған өте ауқымды міндеттер еді», - деп атап өтті Мырзахметов.

Иә, Қазақстан осылайша алғашқы сынға лайықты төтеп берді. Еңсесін тік ұстап, иілмеді. Барлық қиындықтарға қарамастан бейберекетсіздік пен жөнсіздік шыңырауынан шыға білді. Одан кейін тұрақтану кезеңіне өтті. Алдағы дамуын ой елегінен өткізуге, жоспар түзуге мүмкіндік алды. Нәтижесінде Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы дүниеге келді. Ал бұл стратегияның қабылданып, Сарыарқа төрінде жаңа елордамыз Астананың салынуы Елбасы атап өткендей, екінші жаңғыруымыздың басы болды.

Айта кетерлігі, Стратегияда мынадай басым мақсаттар көзделген еді: iлгерi елдермен белсендi қарым-қатынас жасау, Қазақстанның энергетикалық секторына капитал тарту және елiмiздiң әскери доктринасын әзiрлеу арқылы ұлттық қауiпсiздiктi нығайту; ауылдың неғұрлым өткiр проблемаларын шешу; кедейшiлiк пен жұмыссыздыққа қарсы күрес; iшкi саяси тұрақтылық пен қоғамның бiрлiгiн нығайту жолымен экономикалық өркендеуге жету; барлық әлеуметтiк-экономикалық реформаларды аяқтау, ең алдымен бюджет саласындағы реформаларды аяқтау, соның нәтижесiнде зейнетақыларды, жалақыны және әлеуметтiк жердемақыларды толық көлемiнде уақтылы төлеу; қолайлы инвестициялық ахуал туғызу; Үкiмет пен мемлекеттiк қызмет реформаларын жеделдету, сыбайлас жемқорлық пен қиянатқа қарсы күрестi күшейту. Ал бүгінде стратегияның нәтижесі онда көзделген мақсаттардың орындалғандығы дау тудырмайды. Еліміз дамыған 50 елдің қатарынан орын алды.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының атап өтуінше, алдағы мақсат - әлемнің өсіп-өркендеген 30 елінің қатарынан көріну.

«Екінші жаңғыруда еліміздің нақты даму жоспары белгіленіп, әлемнің барынша дамыған 30 елінің қатарына қосылу сынды өршіл мақсат жүктелді. Бұл бағыт-бағдарда ілгерілеп келеміз. Жоқ жерден Астана сынды сұлу қала салуымыз да - екінші жаңғыруымыздың жемісі. Бүгінге елордамыз әлеуметтік-экономикалық, саяси дамудың ордасына айналды. Халықаралық шаралар өтетін беделді қала ретінде танымалдыққа ие болды. Таяуда ғана үлкен елдер Астанамызға баса назар аударып, сирияаралық реттеу бойынша халықаралық келіссөздердің ордасына айналды», - деді Мырзахметов.

Сонымен алдымызда Елбасы жария еткен үшінші жаңғыру тұр. Бұл жаңғыру - қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары - «100 нақты қадам» базасында өткізілмек. Оның экономиканы жеделдетілген технологиялық жаңғырту, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, макроэкономикалық тұрақтылық, адами капитал сапасын жақсарту, институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты бес негізгі басымдығы бар. Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған.

Қорыта айтқанда, жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік экономикадағы өзгерістер жаңа жағдайдағы өсімнің жаңа драйверлерін құруды талап етеді.  Ал бұл жұмыстарды Қазақстанның қуатты салаларын ескере отырып жүргізіп қана қоймай, тәуелсіздіктің 25 жылында қол жеткізген әлеуетімізді жоғалтып алмауға да баса назар аударған жөн. Ал үшінші жаңғыру дәл осы мақсаттарды көздейді.

Соңғы жаңалықтар