Үш тәулік бойы ашық теңізде қалған маңғыстаулық аман қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үш тәулік бойы ашық теңізде қалып қойған 24 жастағы Абылай Сүлейменов аман қалды. Маңғыстау тұрғынын Каспий теңізінің айдынына қарай ағыспен алып кеткен екен.

 Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне Маңғыстау облыстық ауруханасының шұғыл жәрдем бөлімінің меңгерушісі Нәдірқожа Мұсаев мәлім етті.

Белгілі болғандай, Абылай Сүлейменов досымен бірге Ақшұқыр аумағында теңізде жүзуге барған. Суға ол құтқару жилетімен түсіп, сонымен қатар оның жанында автомобиль камерасы қалқып жүрген. Ағысқа қарсы тұра алмаған Абылай ашық теңіздің ортасынан бір-ақ шыққан. Ол өз сөзінде үш күн бойы суда қатты тоңғанын, шөлдегенін және теңіз суын ішуге мәжбүр болғанын атап өтті.

«Ол ұйықтап кеткенін байқамай қалған. Жігітті судан құтқарушы алып шыққан. Әзербайжан аумағында оған құрғақ киім беріп, қазақстандық әріптестеріне тапсырған»,-деді Н. Мұсаев.

Маңғыстау облыстық ауруханасына түскен кезде Сүлейменовке гипотермия диагнозы қойылып, ағзасында су-тұз алмасу реті бұзылғаны анықталды.

«Ауруханаға жатқызғаннан кейін, қан қысымын көтеріп, ауруға инемен тамшылап дәрі енгіздік. Бүгін біз оны жансақтау бөлімінен травматологиялық бөлімге ауыстырдық. Жігіттің жағдайы қанағаттанарлық деңгейде, осы орайда ағзасындағы су-тұз алмасуды және  қан айналымы жүйесін қалпына келтірдік. Қазіргі кезде оның тыныс алуы ретке келтірілді»,-деді дәрігер.

Маңғыстау облысы ТЖД баспасөз қызметі мәліметіне қарағанда, 19  маусымнан із-түзсіз жоғалды деп тіркелген А. Сүлейменов 22 маусымда анықталды.

«Сағат 10:40 кезінде Ақтау теңіз портына жеткізіліп, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды. Кейіннен ол Маңғыстау облыстық ауруханасына жатқызылды. Маңғыстаулық тұрғынды іздестіру мен құтқаруға 2 тікұшақ, 3 кеме, 3 қайық, сондай-ақ тағы да екі техника мен 20 адам жұмылдырылды»,-делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар