Үрімжіде студенттер «Қара жорға» биін биледі

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Үрімжіде Қытайдағы қазақстандық студенттер қауымдастығының Шыңжаң бөлімшесі (KSAC) концерт өткізді. Шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 26 жылдығы құрметіне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Қытайдағы тілшісі.

Мерекелік шара Қазақстан Республикасының СІМ қызметінің қолдауымен өтті. Жиында Қазақстанның ҚХР-дағы Елшісі Шахрат Нұрышевтың атынан сөз сөйлеген Асхат Аюбаев концертке жиналған 250 адамды мерекемен құттықтап, оқуда табыс тіледі.

Концерт алдында көрермендерге «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша бейнеролик көрсетіліп, мерекелік дастархан жайылды.

Концерттік бағдарлама бойынша Ғалым Болат «Алға Қазақстан» мен «Дайдидау» әндерін орындаса, Шалқар Әлімбек «Сырлы сезім» әнімен көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Зульфира Ниязова «Чинна уссул» биімен тал шыбықтай бұралып көрермендерді тәнті етті. Ал Нұржан Ілиясов пен Санжар Ахметбеков «Испан әнін» домбыра мен гитарада орындап, шеберліктерін көрсетті. Өз кезегінде ақындығын паш  еткен Меруерт Гүлстанова «Тәуелсіздік тұғыры» атты өлеңін оқып, жиналған жас студенттердің рухын серпілтті. Шыңжан қаржы-экономика университетінің студенттері «Қара жорға» биін орындап, KSAC жастары «Қазақ Елі» әнін әулете шырқады.

Үзіліс арасында концерттік кештің ең жас көрермендері арасында ойын өткізіліп, Қазақстанның Тәуелсіздігі туралы ой-толғауын айтқан жас буынға еліміздің ұлттық нақыштары бейнеленген ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.

«Бұл концертті өткізбес бұрын біз екі ауқымды шара өткіздік: 11 қараша күні шетелдік студенттер арасында волейболдан жарыс ұйымдастырып, 10 желтоқсан күні өткізген футбол чемпионатына 10 елдің жастары атсалысты. Шарамыздың басты мақстаты - Үрімшіде оқып жатқан қазақстандық студенттердің ынтымағын нығайту. Әлбетте, өткізген шараларымыздың ең бастысы ретінде Қазақстанның Тәуелсіздігіне арналған концертімізді айта аламыз», - дейді ШҰАР-дағы KSAC бөлімінің төрағасы, Шыңжаң университетінің 3-курс студенті Арса Быйянху.

Еске сала кетсек, Қазақстан Тәуелсіздігін мерекелеу бойынша Бейжің, Шанхай, Үрімжі, Сиан және Қытайдың өзге де қалаларында ауқымды шаралар өткізіліп жатыр. Бейжіңде бұдан бұрын, 12 қыркүйек күні Қазақстан Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай 600 адамның қатысуымен дипломатиялық қабылдау болып өткен еді.

Соңғы жаңалықтар