Универсиада ұйымдастырушылары ресейліктермен тәжірибе бөлісті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 20-26 мамыр күндері Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) делегациясы Ресей Федерациясының Краснояр қаласында болды.

 Жұмыс сапары барысында XXVIII Қысқы Дүниежүзілік Универсиада-2017 өткізілу нәтижесі бойынша Алматыдағы Қысқы Универсиаданың ұйымдастыру комитеті өкілдерінің қатысуымен дебрифинг өткізілді.

Дебрифинг - Қазақстанда өткен студенттер ойынының нәтижесі бойынша сараптамалық пікірлер мен құрылымдық ұсыныстарға негізделген кеңес. 2019 жылы Красноярда өткізілетін Қысқы универсиада ойындарына дайындық жүргізу және өткізуге  ұйымдастырушылардың тиімді тәжірибе жинау мақсатын көздейді, дейді Алматы қаласындағы 28-інші Қысқы Универсиада-2017-нің дайындық және өткізу дирекциясының баспасөз қызметі.

FISU Қысқы универсиадаларының директоры Милан Августин, FISU Қысқы универсиадаларының Халықаралық техникалық комитетінің төрағасы Роджер Рот, FISU Халықаралық медициналық комитетінің төрағасы Душан Хамар, сондай-ақ Қазақстандағы ойындармен айналысқан "Алматы қаласындағы 2017 жылғы 28-ші Бүкіләлемдік Қысқы Универсиадаға дайындалу және өткізу дирекциясы" МҚ директорының орынбасары Бақытжан Садықовтың басшылығымен бір топ мамандар командасы делегация құрамына кірді.

«Алматы қаласындағы Қысқы Универсиада ТМД елдерінің аймағындағы және тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең ірі мультиспорттық жарыстардың бірінші қысқы студенттік ойындары болды.  FISU бағалауы бойынша, бұл Универсиадаларды ұйымдастырудағы тамаша тәжірибе. Және бүгін біз өзіміздің тәжірибемізді ресейлік әріптестерімізбен бөлісуге әзірміз. Өйткені студенттік ойындар - денешынықтыру және спорт құндылықтарын насихаттайтын, сондай-ақ жастар арасындағы салауатты өмір салтын жүзеге асыратын  маңызды шара», - деп атап өтті дебрифинг  барысында «Алматы қаласындағы 2017 жылғы 28-ші Бүкіләлемдік Қысқы Универсиадаға дайындалу және өткізу дирекциясы» МҚ директорының орынбасары Бақытжан Садықов.    

Дебрифинг кезінде Универсиада-2017 Ұйымдастыру комитеті өкілдері Студенттік Ойындарды өткізу бойынша барлық функционалдық бағыттарды саралады. Атап айтқанда,«Медициналық қызмет», «Нысандарды басқару», «Спорттық бағдарлама», «Маркетинг» және т.б. 

«Біз үшін Универсиада ойындары қарсаңында дебрифингтің өтуі өте маңызды. Әріптестерімізбен кездесу ірі спорттық сайыстарды ұйымдастыру тәжірибесін үйренуді, ерекше назар аударатын  тұстарды анықтауға мүмкіндік береді. Алматыдағы 2017 жылғы Қысқы Универсиададан біз зор білім қорымен және ерекше сезіммен елімізге оралдық. Алдағы күндердегі бірлескен жұмыстар бізге ауқымды спорттық оқиғаны дайындауға көмектеседі.  Аталмыш шараны жоғары деңгейде өткізу үшін  біз барлық күшімізді жұмсаймыз», - деді Красноярск қаласындағы 2019 жылғы 29-шы Қысқы Универсиаданың атқарушы дирекциясының басшысы Максим Уразов. 

Соңғы жаңалықтар