Универсиада үшін салынған пәтерлер Алматыда кезекте тұрғандарға беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Универсиада ойындары үшін салынған Атлеттер ауылындағы пәтерлер Алматыда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. 

Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атлеттер ауылына қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз баспана кезегінде тұрғандар арасында 1748 пәтерді бөлу жұмысын бастадық. Бұл Алматыдағы баспанаға кезекте тұрғандарды 10 пайызға қысқартады. Бүгінде кезекте шамамен 17 мың адам тұр. Біз бұл мәселені наурыз айына дейін қысқа мерзімде аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Байбектің айтуынша, әкімдік пен «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» арасындағы келісімге сәйкес халықтың аз қамтылған санатынан баспана кезегінде тұрғандардың тізімі жасалған.

«Баспана 8-ден 20 жылға дейінгі мерзімге сатып алу құқығымен жалға  беріледі. Бір шаршы метрінің жалдау құны 1036 теңгені құрайды.  Бүгінгі күні құжаттарын толық көлемде ұсынған пәтерге үміткер 1300 адамның 430-ы өздерінің төлем қабілеттерін дәлелдеді. Осы ретте Бақытжан Әбірұлы (Үкімет басшысы Сағынтаев - ред), сіздің көмегіңіз қажет. «Бәйтерек» холдингі мен «Қазақстанның ипотекалық компаниясына» кезекте тұрғандардың құжаттарын рәсімдеуді жеделдетуді тапсыруыңызды өтінемін», -  деді Бауыржан Байбек.  

Соңғы жаңалықтар