Үнемделген қаржы жаңа жолдар құрылысына бағытталады - Сенат отырысы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында Қарыз туралы келісімге №2 түзетулерге қатысты Қазақстан мен ХҚҚДБ арасындағы келісім-хатты ратификациялау туралы заң жобасы қабылданды.

Құжат үнемделген қаржыны ел аумағында жолдардың құрылысына бағыттауды көздейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«1056 шақырым болатын Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы учаскелерді қайта салу үшін негізгі қарыз туралы келісімге 2009 жылы 13 маусымда қол қойылды. Қазіргі уақытта аталған учаскелерде құрылыс жұмыстары аяқталып, жол пайдалануға берілді. Конкурстық рәсімдердің нәтижесі, сондай-ақ ұлттық валютаның девальвациясынан кейін үнемделген қаржы қалды», - деп атап өтті ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек заң жобасы бойынша баяндамасында.

Оның сөзіне қарағанда, Үкімет үнемделген қаражат - 271,2  млн долларды «Күрті-Бурылбайтал» (85 шақырым) және «Ұзынағаш -Отар»  (96 шақырым) учаскелерін қайта салуға жұмсауға шешім қабылдады. Ол үшін  2017 жылы 26 қыркүйекте Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы келісім-хатқа қол қойылды.

«Аталған қаражат ұзындығы 181 шақырымдық асфальтбетонды төрт жолақты жолдың құрылысына жұмсалмақ. Жобаны жүзеге асыру мерзімі 2018-2020 жылдарға жоспарланған», - деді Ж. Қасымбек. 

Айта кетейік, келісім-хатты ратификациялау «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көзделген автомобиль жолдарын салу бойынша шығындарды тиімді басқаруға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар