Үндістанның сыртқы істер министрі Қазақстанның Тәуелсіздік күнін тойлауға қатысты

None
None
БЕЙЖІҢ-ДЕЛИ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 26 жылдығын атап өту аясында Үндістан астанасындағы беделді қонақүйлердің бірі саналатын «Империалда» дипломатиялық қабылдау өтті, деп хабарлайды Қытайдағы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

2017 жылдың 4 желтоқсанында өткен іс-шараға Үндістанның мемлекеттік сыртқы істер министрі Мобашар Джавед Акбар, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, танымал пианиношы Жәния Әубәкірова, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры директорының орынбасары міндетін атқарушы Сергей Тоқтаров, Үндістанның саяси және қоғам қайраткерлері, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары және тағы басқа қонақтар қатысты.



Қазақстан елшісі Болат Сәрсенбаев құттықтау сөзінде биыл Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толғанын атап өтті.



«Қазақстан мен Үндістан стратегиялық әріптес бола отырып, өзара тығыз байланыс орнатып, бір-бірін үнемі қолдап келеді», - деді ол.

Кеште Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының әртістері өнер көрсетіп, «Танылмаған Қазақстан» фотокөрмесі өтті.



Бұдан бұрын Делиде Тұңғыш Президент күні құрметіне «Кутб-Минар» тарихи кешенінің аумағында «Танылмаған Қазақстан» фотокөрмесі, сондай-ақ Жәния Әубәкірованың жеке концерті ұйымдастырылған болатын. 





Соңғы жаңалықтар