Үндістан мен Пәкістан ШЫҰ-ға Астанадағы саммитте қабылданады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістан мен Пәкістанды Шанхай ынтымақтастық ұйымына толыққанды мүше ретінде қабылдау процедуралары ағымдағы жылдың маусым айында Астанада өтетін саммитте аяқталады. 

Бұл туралы бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің кезекті отырысында ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі біздің отырысымыз алдағы ШЫҰ саммитіне дайындықтың негізгі кезеңі саналады. Қазақстан тарабы толықтай алғанда Астана саммиті қорытындысы бойынша қол қоюға ұсынылып отырған негізгі құжаттарды және олардың тізімі жобасын қолдайды. ШЫҰ-ны кеңейту мәселесі бүгінгі күні барынша өзекті болып отырғандығы сөзсіз. 2005 жылдың шілде айында Астанада өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының отырысында Үндістан мен Пәкістан байқаушы мемлекет мәртебесін алған болатын. Ал алдағы ШЫҰ саммитінде бұл кезеңде ұйымымызды кеңейту процесінің аяқталуына куә боламыз.  Үндістан мен Пәкістанды толыққанды мүше ретінде қабылдау процедурасының аяқталуы туралы шешімге қол қою дамудың және көпбейінді ынтымақтастықтың мүлдем жаңа кезеңін ашады. ШЫҰ кеңістігіндегі жан-жақты өзара іс-қимылдың жаңа көкжиектерін айқындауға мүмкіндік беріп,  ұйымның халықаралық ықпалы мен беделін нығайтады. Біз Иранның ШЫҰ-ға толыққанды мүше болуы туралы мәселені оң қарастыруға дайын екендігімізді білдіреміз. Таяу болашақта мүше мемлекеттер Иранның және ШЫҰ-дағы өзге де серіктестерімізді толыққанды мүшелікке өту, байқаушы ел мәртебесін алу  өтінімдерін  оң  қарайды деп үміт артамыз», - деді Әбдірахманов.

Сонымен қатар ол Қазақстан ШЫҰ-ның басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдармен, құрылымдармен өзара іс-қимылы мәселесінде ШЫҰ-ның ЕАЭО, Қызыл крест халықаралық комитеті және Ислам ынтымақтастық ұйымымен тығыз өзара іс-қимылды жолға қоюын құптайтындығын баса айтты. Ведомство басшысы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің белсенді қолдауымен 2017-2018 жылдары кезеңінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде жұмысына кіріскендігін атап өтті.

Мұнан бөлек Қазақстан Сыртқы істер министрі ұйымдағы барлық серіктестерге Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығын жан-жақты қолдау білдіргендері үшін ризашылығын білдірді.

«Бүгінгі отырыстың қорытындысында Астанада маусым айында өтетін ШЫҰ саммитін барынша мазмұнды толықтыруды қамтамасыз етуге бағытталған уағдаластыққа қол жеткізетіндігімізге сенімдімін. Біз ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер  басшылары кеңесі барысында қол қоюға ұсынылатын құжаттар мен күн тәрбінің жобасын қарап бекіту және мақұлдау, сонымен қатар ұйымымыздың қызметі мәселелерінің кең спектріне  және ұйымдастырушылық-кадрлық аспектілеріне қатысты шешімді бекітуіміз қажет.  Халықаралық, өңірлік өзекті мәселелер, ШЫҰ-ны одан ары дамыту перспективалары,  ұйымның өзге де көпжақты бірлестіктермен байланысын орнатып, бекіту бойынша пікір алмасуды ұсынамын», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар