Ұлытау, Таңбалы мен Отырардағы «Сапар орталықтары» 2 жылда салынып бітпек

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлытау, Таңбалы мен Отырарда салынатын «Сапар орталықтарының» құрылысы үшін келесі жылы республикалық бюджеттен ақша бөлінетін болды. Бұл туралы Астанада «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын талқылау бойынша өткен «Мирас» республикалық кеңесінің көшпелі отырысында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Мәдениет және спорт министрлігі жанынан республикалық деңгейде бірталай жобалар жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе, Қазақстанда киелі орындар көп шоғырланған жерлер бар екенін білесіздер. Соның ішінде Ұлытау, Таңбалы, Отырар тарихи-мәдени музей қорықтары аумағында «Сапар орталықтарын» салу бойынша биылғы жылы министрліктің ішкі қаражаты есебінен жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Келер жылы республикалық бюджеттен ақша бөлініп, олардың құрылыстары басталады. Бір жылдың ішінде Ұлытау мен Таңбалыда, ал Отырарда екі жылдың ішінде Сапар орталықтарының құрылысын бітіреміз деп жоспарлап отырмыз», - дейді Ақтоты Райымқұлова.

Оның айтуынша, Сапар орталықтары әлемдік тәжірибеде өте көп пайдаланылады.

«Осы орталықтар туристік және имидждік жағынан қажетті қадам деп білеміз. Олардың инфрақұрылымында мейрамханалар, сувенир дүкендер, шеберханалар, конференция залдары, тарихи және зерттеу жиындары өтетін залдар шоғырланатын болады», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар