Ұлы Жібек жолымен өтетін туристік бағдарлама әзірленіп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ Ұлы Жібек жолын басып өтетін туристік бағдарлама әзірлеп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Жаңа Ұлы Жібек жолы» халықаралық экспедициясын жасақтай отырып, бұл экспедицияның барынша киелі де қасиетті өңірлерді, ежелгі ескерткіштерді тамашалап өтетіндей жағдайды ескердік. «Kazakh Tourism» қазіргі уақытта бағдарлама жасап жатыр. Алдағы жылы біз әйгілі жиһангез Яцек Палкевичпен бірге оны таныстырамыз. Осы бағдарламаның базасы бойынша Өзбекстандағы, Қырғызстандағы, Ресейдегі әріптестерімізбен ұлтаралық туристік өнімдерді әзірлейтін боламыз. Себебі, Өзбекстан арқылы Қазақстанның да туризмін дамытуды көздеп отырмыз», - дейді «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Тимур Дүйсенғалиев өз сөзінде Өзбекстандағы көптеген тарихи ескерткіштер Әмір Темірдің арқасында сақталып қалғанын айтады.

«Ал Қазақстанда өкінішке қарай, көптеген ескерткіштер жойылып, орыны ғана қалған. Бірақ, бізде көшпенділерден қалған бай мәдениет бар. Сөзсіз, киелі де қасиетті жерлер де жетерлік. Халық бұрынғы наным-сеніммен ол жерлерге тәу етеді. Яцек жүріп өтетін жолды біз туристік бағдарға айналдырып, Қазақстанның ішіне де, сыртқы елдерге де танымал еткіміз келеді. Ойлап қарасаңыз, сонау Маңғыстаудағы халық Шығыс Қазақстанның көркем табиғатын өмірі көрмеуі мүмкін. Сондықтан, барлық мүмкіндіктерді пайдаланған жөн. Осы ретте Яцек Палкевичтің әлемдік абырой-атағы біздің туризмнің дамуына оң серпін беруі керек», - дейді ол.

Еске сала кетсек, 2018 жылы сәуір айында Қытайдан аттанып, маусымда Польшада мәресіне жететін «Жаңа Ұлы Жібек жолы» халықаралық экспедициясы Қазақстанның киелі жерлерін басып өтуді жоспарлап отыр. Экспедицияны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылмақ. Экспедицияның жетекшісі - әлемге әйгілі жиһангез Яцек Палкевич.

Соңғы жаңалықтар