Ұлттық ұланның 20 жауынгері «Күрең берет» иегері атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ұлттық ұланы «Қаптағай» оқу орталығында екі күндік  сынақтан өткен жауынгерлерге Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлінісі әскери қызметшілерінің күрең берет кию мәртебесі және «Бүркіт» кеуде белгісін тағуға қол жеткізу үшін  біліктілік сынағын тапсыру шарасы өтті. 



Оған ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің жетекшісі генерал-майор Мүслим Алтынбаев, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, еліміздің күш құрылымы арнайы бөлімшелерінің, мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты, деп хабарлайды Ұлттық ұлан баспасөз қызметі.

 «Бүркіт» бөлінісі әскери қызметшілерінің күрең берет кию біліктілік сынақтары жыл сайын еліміздің әр түрлі климаттық белдеуінде өтеді және екі кезеңнен тұрады.  Осы жолы Астанада өткен сынақта күрең беретке үміткерлер бас-аяғы  19 нормативті орындады.  Оның ішінде қару-жарағымен 75 шақырымдық қашықтықты  жүгіріп шығу, сулы өткелді малтып өту, тәжірибелік атыс және белгіленген уақыт ішінде үш қарсыласпен ұрысқа түсу нормативтері бар.

 Биыл еліміздің барлық өңірінен келген күрең берет киюге  үміткер екі жүзге жуық әскери қызметші біліктілік сынағын тапсыруға ынта танытты.  Оның тек 91-і ғана жарыс жолына жіберілді. Екі күндік сынақтан соң 18 жауынгер ақтық сынға дейін жетті.

 Сондай-ақ, биыл аталмыш  сынақты сапалы өткізу мақсатында және күрең беретке үміткерлердің нормативтерді орындауын бақылау үшін    оның барлық кезеңінде  «Күрең берет» Орталық кеңесінің мүшелігінде тұрған 37 нұсқаушы және аға нұсқаушылар тартылды.

 Оларға салтанатты жағдайда күрең берет пен «Бүркіт» төсбелгісі табыс етілді. Осы жолы сынақтан сүрінбей өткен 18 жауынгерден бөлек, арнайы мақсаттың екі жауынгері күрең берет кию мәртебесіне ие болды. Олар Алматы және Ақтөбе қаласында өткен  арнайы операцияларда ерлік көрсеткендер. Сонымен биылғы жылы 20 жауынгер күрең берет иесі атанды.

 - Күрең берет кию мәртебесі иесіне ешқандай материалдық көмек алып келмейді. Олардың жалақысы бұрынғыша қала бермек. Олар тек Отанды қорғау кезінде алғы шепке шығып, алғашқылардың бірі ретінде аттануға құқығы бар. Бұл тек Отанға риясыз берілген азаматтар ретінде болып қала береді. Біздің мақсатымыз - осындай азаматтарды іріктеп, еліміздің тыныштығын қамтамасыз ету,-деді генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов журналистерге арналған брифингте.

Соңғы жаңалықтар