Ұлттық спорт - жарыстар жиі ұйымдастырылғанда ғана дамиды -маман

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбедегі ұлттық спорт түрлері бойынша балалар және жасөспірімдер мектебіне келген әр оқушы осы жерде қалады. Олардың кейбірі бар уақытын аттың жанында өткізіп, оның күтімін жасайды. Ал жергілікті қалталы азаматтар көкпарға емес, бәйге өткізуге құштар. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне мектеп директоры Бахтияр Төлеуов айтып берді. 

Бұрын жиі көшіп, ыңғайлы жер іздеп жүрген спорт мектебі 3-4 жылдан бері ипподромның жанына тұрақты орнықты. Бұл жерде ат қора, арнайы әкімшілік ғимараты, жабық маньеж, күрес ғимараты бар. Спорт мектебі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарап, биыл қалалық спорт бөліміне берілді. Құжаттамадағы өзгерістер әлі де жетілдіруді қажет етеді. Ұлттық спортты дамыту үшін мамандандырылған деген санат алу керек. Ол үшін аудандарда филиалдары ашылып, сол жерде де ат спортын дамытуға мүмкіндік берілу тиіс. Әзірге бұл спортшылардың арманы ғана.



«Спорт мектебінде 500-ге жуық бала бар. Бізде қазақ күресі, ат спорты түрлерінен аударыспақ, теңге ілу, көкпар, жамбы ату бар. Тоғызқұмалақ үйірмесі ашылған. Асық ойнау ресми түрде тіркелмеген, бірақ балалар ойнайды. Арманымыз - ұлттық спорт түрлері бойынша мамандандырылған спорт мектебін құру. Ол үшін аударыспақ, теңге ілу, көкпардың әрқайсысына 4 жаттықтырушы қажет. Ал қазіргі кезде барлығын төрт жаттықтырушы дайындайды. Бір тағашы, бір ат жайлаушы ғана тиесілі. Сондықтан ұлттық спортты дамытуға ұсыныстар берілді. Мәселен, полиция қызметкерлері мінетін атты баптау кезінде 30 атқа бір тағашы деп жазылған. Ал бізде мұндай сандық көрсеткіш анықталмаған. Мәселе көтеріліп, Ұлттық спорт федерациясының президенті Бекболат Тілеуханға хат жолданды», - деді мектеп директоры Бахтияр Төлеуов.
Атты баптауға бір адам жетпейді. Сондықтан жаттықтырушылар мен оқушылар оның күтіміне тікелей араласады. Яғни, әр оқушы ат үстіне мінбес бұрын оның күтімін жасауды меңгеру керек. Оқушылар үшін бұл қызық жұмыстың бірі. Себебі, олар бар уақытын қаны тасыған жылқының жанында өткізуге құшар.



«Балаларды мектепке 9-10 жастан бастап аламыз. Балалар мектепте аттың жанына бару, оны тазалау, ерттеу, міну секілді техникалық қауіпсіздік тәсілдерін үйренеді. Қаланың балаларын аяққа тұрғызып, кәсіби деңгейін шыңдап, ҚР чемпионаттарына алып шығамыз. Сонымен нәтиже жасаймыз. Қазіргі кезде теңге ілуден еліміздің 9 дүркін жеңімпазы Бердіғали Жәкішев бар. Аударыспақтан ҚР жастар арасындағы жеңімпазы, спорт шебері Шыңғыс Ержанов біздің мақтанышымызға айналды. Ал өткен жылы Арман Сағымбаев «Үздік аударыспақшы» атанды. Балуан, ҚР спорт шебері Азамат Серғазин де бар. Мектепке атты білетін, өзінің білетінін балаларға үйрететін жаттықтырушы керек. Сондықтан жарыстарға қатысып, үздік атанған осы жігіттер жаттықтырушы ретінде жұмысқа алынды. Қазір балаларды дайындап жатыр. Олар арнаулы оқу орындарын бітіріп, спортшы мамандығын алған»,- деді мектеп директоры.



Ұлттық спорт жарыстары жиі ұйымдастырылса ғана дамиды. Мектеп директоры Бахтияр Төлеуов соңғы жылдары жергілікті қалталы азаматтар бірігіп, ауданда көкпар командасының құрғанын айтып берді. Яғни, кәсіпкер ат беріп, ауыл балаларын дайындайды, облыс орталығында өтетін жатыстарға қатыстырады. Қазақ жігіттерінің мәрттігі көпшілікке үлгі болып, қазір облыстың Шалқар, Мұғалжар, Темір, Байғанин, Алға аудандарында ат ұстап, балаларды дайындап отырған кәсіпкерлер бар. Ойыл ауданында аударыспақ жақсы дамыған.



«Ұлттық спорт жақсы деңгейге көтеріліп жатыр. Еуразия барысы, Елбасымыздың атында өтетін Қазақстан барысы бар. Көкпардан Азия, Әлем біріншіліктері өтіп жатыр. Біздің елімізде Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстары биік нәтижеге қол жеткізіп жүр. Үздік үштікте жүрген командалар осы. Себебі, оларда тойларда, ас бергенде көкпар ойнатылады. Жаппай көкпар бар. Әр үй ұлы үшін айғыр ұстайды. Ауыл, ер азаматтар белсенді, жарысқа қатысады. Әрі жарыс салымды болады. Яғни, жүлдеге көлік, апта сайын 6-10 миллион теңге тігеді. Көкпарға 2-3 мың атқа дейін қатысады. Мың аттың ішінен мықты шабандозды таңдап, Қазақстан чемпионатына алып шығады. Бәрі дайын. Оларға іріктеу де керек емес. Мыңнан жүз, жүзден оны шығады. Біздер 9 жастан алып, оны күндіз-түні дайындаймыз. Мектептен кім шығады, соны ғана апарамыз»,- деді Бахтияр Төлеуов.



Ал Ақтөбеде бәйге жақсы дамыған. Қалталы азаматтар Аламан бәйге, ұшқыр, құнан жарыс, тоқ бәйге өткізуге ынталы. Олар Польша, Ресей, АҚШ, Германиядан әкелген қымбат аттарын дайындап, кейін мектепте тәлім алып жүрген шабандоздарға сеніп тапсырады. Ұлттық ат спорты мектебінде тәрбиеленіп жатқан шабандоздар әрдайым үздіктер қатарынан көрініп жүр. Өңірде ұлттық спорт жарыстары да облыс әкімінің кубогымен ашылып, сайыс маусымы қала әкімінің кубогымен аяқталады. Бәрі бәйге ұйымдастырады, қомақты ұтыс тігеді.

Ақтөбе қалалық ұлттық ат спорты мектебінде барлығы 40 ат бар. Көкпарға 12 ат берілген. Көкпардың аралас қанды аттары қазір жарысқа бапталып жатыр. Оларды бөгде адам көре алмайды, күтімімен де тек білікті маман айналысады.



«Ат та адаммен бірдей. Тек тілі жоқ. Олар ауырса адамға берілетін дәрі-дәрмекті сатып аламыз. Атты баптау кезінде қателікке жол беруге болмайды. Жем беріп, суарса, аттың іші кебеді, аяғына жем түсіп кетеді. Сәбізін береміз. Жоңышқа, сұлы, арпа, бидайы, тұзы бар. Астын қалың етіп саламыз, тыныштығын күзетеміз, бөтен адамды кіргізбейді. Ұйқысын тыныш болуы шарт. Олар да бала сияқты, көз тиіп қалады. Оған күмән келтірмейміз. Себебі, көрсетіп, ауырып қалған жағдай кездесті. Олардың дайындық деңгейі жетілген сайын күші қалады. Қосымша жүктеме берілді. Жүріс, бүлкіл, шоқыту, шабыс. Осылайша көкпар тартуға арнаған ат бапталады»,- деді Бахтияр Төлеуов.

Көкпарға арналған атты баптауға Жамбыл облысынан маман шақырылды. Сонымен қатар, атасы ат баптаған, жылқы баққан адамдар да аттың күтімін жақсы біледі. Дәл осы жолмен спорт шебері Мейрамбек Әлиев те жұмысқа алынған. Қазіргі кезде білікті спортышлар да жалақы алып отыр. Оларға ай сайын 40-70 мың теңге аралығында жалақы беріледі.



«Балалар атты жақсы көреді, бір келсе жанынан шықпайды. Бұл қазақтың қанында бар. Атамыз білектің күшімен, найзаның ұшымен ұлан-байтақ жерді қорғап қалған. Қала баласы болғанымен, бізде де аттың әр қадамын білетін, таңертең келіп, сабағына барып, қайтып келетін атсүйер балалар бар. Олар мініп, кейін кетіп қалмайды. Аттың күтімін жасайды. Жасы 18-ге толғаннан кейін де жүреді. Жабық маньеж үздіксіз жаттығуға мүмкіндік беріп отыр. Бұрын қыста балалар аз келетін. Қазір ата-аналары еш қорықпай, суық тиеді деп қауіптенбей, баласын жаттығуға жібереді. Жаттығу, еңбектің арқасында нәтиже болады. Еңбек етіп, тер төгу арқылы еңбегің қайтады. Бәрі қыстай жаттығып, жазда жарысқа қатысады», - деді Бахтияр Төлеуов.



Наурызда Ақтөбе қаласында көкпар өтеді. Қазіргі кезде балалар жарысқа арнайы дайындалып жатыр. Ал 7 мамырда еліміздің батыс аймағындағы көкпаршылар жарысқа түседі. Бұл жарыс Ақтөбеде өтеді. Жоспар бойынша ақтық сын Астана қаласында болады.

Соңғы жаңалықтар